Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 200-ден астам жұмысшы жалақысын заңсыз қысқарғанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша, оқу орнында техникалық жұмысшылардың жалақысы ғана қысқарған.
БЛИЦ:
– 88 мың алатынбыз, қазір бізден 15 мың теңге ұстап қалған. Себебін білмейміз. Коммуналдық төлем, несие төлейміз.
– Мен өзім 155-150 мың теңге алатынмын. Осы айда 101 мың теңге шықты. Ешкім маған ештеңе айтқан жоқ.
– Осы мекемеде 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Мұндай жағдай алғашқы рет болып жатыр.
Жұмысшылардың айтуынша, жалақыны әркімде әрқалай қысқарған. Оларға университет басшылығы мән-жайды түсіндірді.
«Өткен жылы еден жуушы, тағы басқа жұмысшылардың жалақысын 10-15-20 пайыз өсірген. Ол бұйрық 2022 жылы 31 желтоқсанда күшін жойды. Қазір жаңа бұйрық жасалып жатыр. Бұйрыққа сай жалақыға 10-15-20 пайыз қосылады. Қазір бухгалтер есептеп жатыр, қалай дайын болады, ақшаны жұмысшылардың шотына аударамыз», – деді М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов.