Өтеген батыр, Гүлдала, Көктем: Картаға енгізілмеген ауыл тұрғындары елдімекеннің атын да білмейді

Almaty.tv
Almaty.tv
Картада жоқ ауылда инфрақұрылым да қарастырылмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы Жаңа Қуат ауылының көп бөлігі бас жоспарда жоқ. Картада жоқ ауылда инфрақұрылым да қарастырылмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балшық кешіп, құдықтан су ішіп отырған жұрттың жанайқайын жергілікті билік білсе де, білмеген сыңай танытып келген көрінеді. Ел шулай бастағанда ғана бас жоспарға енгізетінін айтқан. «Жаңа Қуат коттедж қалашығы дейміз, алайда көктемде ми батпақ болып жатады» дейді жиналған көпшілік.  Арызын әкімдікке айтқалы да біраз жыл өте шыққан. Бірақ елдің сөзі елеусіз қалған.

«Жедел жәрдем мүлдем келмейді. Себебі біз картада жоқпыз. Әкімдікке бір емес, бес рет бардық. Олардың айтатыны: «Сіздердің жеріңіз жекеменшікте». Ол қалай жекеменшікке өткен? Әкімдік қай компания екенін де білмейді», – деді ауыл тұрғыны Динара Ахмадиева.

Өтеген батыр, Гүлдала, Көктем. Тұрғындардың өздері де нақты қайда тұратындарын білмейді. Қолында әйтеуір Гүл емес, «Гөлдала» деп жазылған құжат ғана бар.

Шекарасы шексіз жатқан елдімекенде инфрақұрылым ақсап тұр. Су мен жолдан бөлек қоқысты жинайтын да ешкім жоқ.

«Үлкен егеуқұйрықтар жүргенде, кішкентай балалар қорқады. Не жарық, не жол жоқ. Мына жерде Грэс Парк, Өтеген Сити тұрғын үйлернің құрлысы жүріп жатыр. Мына жолмен жүк көліктері түні бойы, күні бойы жүреді», – деді ауыл тұрғыны Әсемгүл Рахымбаева.

Тұрғындардың айтуынша, бүгінде ойқы-шойқы болған жол өткен жылдың күзінде жөнделген.   Сол кезде тас-құм төселіп, тегістеліп шыққан көрінеді. Алайда  жол жөндеу жұмыстың бәріне халық өз қаражатын жұмсаған. Ал мұқым елдің уәжін тыңдауға келген әкімдік өкілдері «кінәлілермен» міндетті түрде сөйлесетінін айтты. Одан бөлек, тұрғын үй кешеніне жауаптыларға тазалық жағын ретке келтіру тапсырылғанын жеткізді.

«2018 жылдың желтоқсан айында Жаңа Қуатқа ауыл мәртебесі берілді. Бүгінде мұнда тұрғын саны көбейіп, аумағы да ұлғайды. Алайда кейін қосылған аймақтар шекараға енбеді. Ол рас. Одан бөлек, кезінде бұл жерлер жекеменшіктің қолында болды. Олар жолға арналған аумақты жергілікті атқарушы ұйымға тапсыруы керек еді. Бірақ олай істемеді. Банкке кепілдікке қойып тастаған. Енді жекеменшікті банктен жерді шығарып, мемлекетке тапсыруға міндеттеу жұмыстарын жүргіземіз», – деді Гүлдала ауылдық округінің әкімі Мақсат Маханбетқали.

Әкім шешеміз деген мәселенің ішінде шекара да бар. Өйткені тиісті құжат 3 жыл бұрын дайындалған. 

Оразай Нұртайұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров