2 мыңнан астам қапқа жиналған қоқыс өңдеу зауытына жеткізілді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминнің бастамасымен қолға алынған жалпыреспубликалық «Бірге таза Қазақстан» экологиялық акциясына Алматы қаласы үн қосып, «Таза Алматы» науқаны басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындармен бірге экологиялық акцияның алғашқы кезеңін «Көкжайлау» үстіртінен бастады. Ұзындығы 5 шақырым болатын тау соқпақтарымен жүріп, Алатау бөктерін қалдықтардан арылтты. Жалпықалалық «Таза Алматы» науқанына «Алматы» телеарнасы да қалыс қалған жоқ.
Таң алакеуімінен Алатау бөктеріне бет алғандардың қарасы қалың. Барлығы да «Таза Алматы» науқанын қолдап, «Көкжайлау» үстірті мен оған апаратын жолды тазартуға ниетті.
Көкжайлау шатқалы – Алматыдағы тұмса табиғатымен тамсандыратын жерлердің бірі, һәм бірегейі. Мұнда демалушылар төменгі бекеттен 5 шақырымдай жолды артқа қалдырып, жаяу көтеріледі. Алайда, өздерінен кейін қаншама күл-қоқысты қалдырып кететін көренеді. «Таза Алматы» науқанының мақсаты – аталған аумақты толықтай мұнтаздай етіп тазалап кету.
Жалпықалалық акцияға келгендер үшін барлық жағдай қарастырылған. Табиғаттағы Қызыл кітапқа енген жасыл желектерге зиян тигізбес үшін, қорықшылар жол сілтеп жүрді. Азаматтар мұндай тазалық шарасын қолдайтындарын айтады. Тіпті осы секілді акцияның жиі өткізілгенін қалайды.
«Отбасымызбен бірге қаламыздың тазалығын сақтау мақсатында сенблікке бірге бара жатырмыз», – деді қала тұрғындары.
«Осындай акция болатынын естідік. Негізі өзім шетелде оқимын. Әр жаз сайын осында келіп демаламыз. Бүгінгі шараға міндетті түрде қатысамын. Табиғатты таза қалпында сақтап қалуға өз үлесімді қосқым келеді», – деді келесі бір тұрғын.
Тазалық шарасына шығу үшін қарапайым 3 ақ нәрсе қажет: ыңғайлы киім, қолғап және қоқыс жинайтын қап.
«Мұндай бастама азаматтардың басын біріктіретін, ауызбіршілікті арттыратын, сонымен қатар, экологиялық мәдениетін көтеретін науқан», – дейді еліміздің бас экологы Мэлс Елеусізов.
Тазалық акциясын Алатау бөктерінен бастаудың өзіндік мәні бар дейді ұйымдастырушылар. Мұнда Қызыл кітапқа енген 80-нен астам ағаш, емдік қасиеті бар өсімдіктердің 200-ден астам түрі өседі.
«Мұнда Островский қызғалдағы, Тянь-Шань шыршасы, алма ағаштары өседі. Жабайы өрік ағаштары да бар. Бұл ағаштарды сақтап қалу қажет», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСБАЕВ.
Таңғы сағат сегізде басталған тазалық акциясы жеті сағатқа созылды. 2 мыңнан астам қапқа жиналған қоқыс өңдеу зауытына жеткізілді.
«Таза Алматы» жалпы қалалық акциясына 2 мыңнан астам тұрғын ат салысты. Олар Көкжайлау шатқалындағы 7 аумақты тазалап, 6 тоннадан астам қоқыс жинады. Жиналған қалдықтар сұрапталады, сосын өңделіп, бір кәдеге жарайды. Ұйымдастырушылар аталған шараны алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ.
Өмір Әнуарбек Мұрат Тайжан Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы