Жер дауы: 20 жыл жеміс еккен қарияның жерін ауыл әкімі тартып алған

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкім жаңа жер иесінің атын айта алмайтынын жеткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында тропикалық жемістер егумен айналысып жүрген қарияның жерін ауыл әкімі тартып алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатау бөктерінде бөгде жемісті жерсіндіруге  20 жылдай уақытын кетіріп, енді  ғана өнім ала бастағанда билік бөгет жасады дейді еңбекқор бағбан. Тау  етегінде тынбай еңбектеніп, інжір, құрма, анар мен  жүзімнің түрлі сорттарын ала бастағанына да небәрі екі жылдың жүзі  болған. Кәсібін балаларына үйретіп, сұранысқа ие жемістерді ішкі нарыққа шығаруды жоспарлап отыр екен. Бірақ шаруасын енді кеңейтіп келе жатқанда жерінің жартысын тартып алыпты.  

Мысалы бағбан бір інжір ағашын жерсіндіруге 20 жыл уақытын жұмасапты. Алдымен көшетті Алматының климатына бейімдеп, сосын Хорезмнен әкелген інжір тұқымымен будандастырған. Нәтижесінде уылжыған жеміс бере бастаған.

Бағбанның арманы – іс жүзінде жүзеге асырған жұмыстарына ғылыми сараптама жасап, еліміздің бағбандарына көшеттерін тарату. Әр қазаққа бау-бақшаны күтудің қыр-сырын енді үйретемін ба деп жүргенде, пайға берілген 10 гектар жерінің жартысын ауыл әкімі алып қойған.

«Ауыл әкімі ол жерді тартып алғанына екі жыл болды. Мына жерге 1 гектар мақта, інжір егіп едім. Бәрін айдап тастады. Мінеки, ештеме көгерген жоқ. Еңбегімнің бәрі далаға кетті», – дейді бағбан Нұраддин МАТКАРИМОВ.  

Таң қаларлығы, бағбан осының бәрін арнайы жылыжайда емес, ашық аспан астында өсіріп отыр. Қарияның айтуынша, бұл жерді Түрген ауылының бұрынғы әкімі, марқұм Абықан Жексенбеков берген. Ал ауыл әкімінің хабарлауынша,  диқанға 49 жылға жалға берілген жер мүлдем басқа.  Қарияның қолынан шығып кеткен жер бос жатқан соң,  заң талаптарына сай құжаттары  рәсімделіп, өзгенің атына аударылған.

Алайда ақсақалдан «игермеді» деп алып қойған жерге егін егіп, жеміс  өсіріп отырған да ешкім жоқ. Тек трактормен  жыртып, қараусыз қалдырып қойған. Телефонмен ғана жағдайды түсіндірген әкім жаңа жер иесінің  атын айта алмайтынын жеткізді. Таңсық жемістерді тамырландырған  қария шаруашылығын кеңейтіп, өнімдерін нарыққа шығару үшін шенеуніктерден қолдау болса, алматылықтарға жергілікті тропикалық жемістің дәмін татқызбақ.


Новости партнеров