Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті
Президент табысты жұмыс істегені азаматтарды қаржылай ынталандыруды ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс. Ең бастысы тыңдауы керек». Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысына төрағалық еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осылай деді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдері қатысқан жиында бұқараның көкейінде жүрген мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отырысты ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін дәл бүгінгі күні көптің көкейінде жүрген мәселеден бастады. Ол – барлық қазақ жұртына, ұлтымыздың жанды жері саналатын жер мәселесі. «Қазақтың жері сатылады, 55 шетелдік  ескі зауыт бізге көшіріледі, сәйкесінше мыңдаған шет мемлекеттің азаматы жұмысқа тартылады деген даңғаза қауесет» деді Президент. Айтуынша, бұл тұрақтылықты жойып, іріткі салушылардың арам манипуляциясы.

«Тағы да шегелеп айтамын, жерімізді ешкімге бермейміз. Халқымыздың мұң-мұқтажын  әрқашанда ескереміз!», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Отырысқа қатысқан қоғам қайраткерлері халықтың тілек-талабы – ата-бабаларымыздан қалған жер сатылмақ түгілі, жалға да берілмеуі тиіс. Әсіресе, ауылшаруашылығы, егіншілікке арналған үлкен көлемдегі жерлер ешкімнің жеке меншігіне өтпеуі қажет. Бұл ретте сарапшылар 2003 жылы қабылданған жер кодексін өзгерту керек деген ұсыныстарын білдірді. Кеңесте пайдаланылмай жатқан жерлерді спутник арқылы қарап, анықтап, заңдастыру қажеттілігі де баса айтылды. Бұл еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты әрекет, деп санайды сарапшылар. Мысалға Еуропа космо агенттігі келтірілді. Ақпаратты тегін алуға болады екен. Анықталғаны, ғарыштан жердің жеті жылдық мерзімнің ішінде өңделгенін немесе бос жатқан аумақтарды анықтауға мүмкіндік бар. Ешқандай құжаты жоқ жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады. Алайда, бұл шараны жүргізуге Әділет министрлігі қолдау білдірмей отырған көрінеді. Отырыста, сондай-ақ қарыздар реестрін құру ұсынылды.

«Қай мемлекеттен қанша қарыз алдық. Қай мемлекеттен қаншама несие алдық. Қай мемлекет бізге қанша инвестиция құйды. Бұл ақпарат өте маңызды.  Өйткені ол – экономикалық қауіпсіздік. Сондықтан біз бірыңғай реестор жасау керек деп есептейтін. Ресейден, Қытайдан, Еуропдан, АҚШ-тан қанша алдық, мұндай ақпарат халыққа айқын болуы керек.  Өйткені экономиканың қауіпсіздігі деген өте маңызды.  Бүгінгі таңда дүниежүзінде «қарыз – дипломатия» деген ұғым пайда болды. Қарыз арқылы басқа елдер үлкен елдерге тәуелді болып қалады. Латын Америкасын, Африканы тіпті Қырғызстан мен Тәжікстанды да көріп отырмыз. Біз мұндай үрдіске жол бермеу үшін бұндай реестор жасауымыз керек», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  мүшесі Мұхтар ТАЙЖАН.  

Отырыста «ашық әкімдік» тәжірибесін тарату, азаматтық сектор өкілдерін ұлттық компаниялардың бақылау кеңесіне енгізу, инвестиция тарту сияқты мәселелер талқыға салынды.  Президент шетелдік  инвестициялар тек қажетті салаларға ғана құйылатынын баса айтты. Әлбетте, халықтың мұң-мұқтажы ескеріледі деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы шетелдік инвестициясыз дамушы мемлекеттер өмір сүре алмайтынын жеткізіп, Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, тағы басқа елдер инвестициялардың арқасында жетістікке қол жеткізгенін мысал ретінде келтірді.

«Мұның алдындағы жұмыс топтарының басқосуында талқылаулар, дискуссиялар өте қызу өткен болатын. Көптеген консенсусқа дауыс беру арқылы келдік. Мәселен, біз сайлау туралы, партия туралы заңға өзгеріс енгізу бағытында жұмыс жүргізбекпіз. Бәрі де партияны тіркеу жұмысын жеңілдетуді мақұлдап отыр. Қол жинау ісінде тәртіп орнату керек. Себебі, қазіргі цифрландыру кезеңінде барлығында ЭЦҚ бар. Сол секілді, бәлкім, дәл қазіргі уақытта аудан әкімдерін сайлау жүйесіне өту кезеңі де келіп тұрғандай», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Талғат ҚАЛИЕВ.

«Біз күткендей болмауы мүмкін. Сондықтан лайықты демократиялық сайлау болсын, нәтижесі халықтың көңілінен  шықсын десек, қазіргі кезде осы заңдарға өзгерістер енгізу керек. Ол заңдар 10-15 жыл бұрын қабылданған. Қазір ахуал басқа, қоғамның құрылымы өзгерді. Халықтың көңіл-күйі, белсенділігі өзгерді. Осыған сай келтіру керек. Сондықтан бұл алғашқы қадамдар болу керек», – деді  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Берік АБДІҒАЛҰЛЫ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құр ұрандатпай нақты жұмыс жасау қажеттігін айтты. Әсіресе, халықты еңбекке баулу қажеттілігін баса айтты. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты қайта қаралуы тиіс деп атап өтті.

«Ұлттық экономика  біздің қазақстандықтардың әл-ауқатына негізделуі тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз. Бірақ, масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл – мемлекеттің міндеті», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Жақсы пікір алмасу болғанын алға тартқан Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес мүшелерінің интеллектуалдық деңгейі өте жоғары деп бағалады. Ал кеңестің келесі отырысы жылдың соңына дейін болмақ.

Новости партнеров