Петицияны 50 мың адам қолдаған
Қазақстанда утилизациялық алымға қатысты шешім 5 шілдеде белгілі болады. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралмақ. Себебі утильалым мен алғашқы төлемнің алынып тасталуын талап ететін петицияны 50 мың адам қолдаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Утилизациялық алым мен алғашқы төлем керек емес» деген петиция Үкіметте қаралады. Арнайы комиссия құрылып, оның құрамына автобелсенділер, экологтар мен экономистер кіреді. Содан кейін қоғамдық тыңдау болады. Утильалым мәселесі көтерілгелі бері Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевқа қысым көрсететіндер пайда болған.
– Тиктокта комментарий, түрлі видеоны көрдім. Мені қорқытып жатқан адамдар бар. Жұмысты, қоғамдық процесті тек заң арқылы жүргізу қажет, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Данияр Мәкешов – утилизациялық алым мен алғашқы төлемнің алынып тасталуын талап етіп жүрген белсенді. Оның айтуынша, Үкіметке балама шешім ретінде эко-салықты ұсынған. Алайда оны ешкім қолдамапты.
– Экология министрлігі қарсы болды. Олардың айтуынша, салықтың бұл түнін енгізсек, ақша республикалық бюджетке түседі. Демек қаражатты министрлік ала алмайды. Ал керісінше, ақшаға министрлік иелік етсе, қолдайтынын жасырмады, – деді автобелсенді Данияр Мәкешов.
Осыдан кейін белсенділер «утильалымды мүлдем жою керек» деген шешімге келген. Бұлар петиция жарияланғаннан кейін отандық өндірісті қолдайтындар да қол жинай бастапты. Оның авторлары Үкіметті жергілікті өндірісті дамытуды қолдауға, осы салаға инвестиция тартуға және отандық кәсіпорындардың өсуіне қолайлы жағдай жасау шараларын жүзеге асыруға шақырады.
– Қазіргі таңда өнеркәсіпті қорғау үшін петицияға 10 мыңнан астам адам қол қойған. Олардың пікірін не істейміз? Заң бойынша қарастырамыз. Екінші петиция 50 мың дауысқа жетсе, оны да қарау қажет, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
5 шілдеге дейін утильалымға қатысты петиция қаралып, қоғамдық тыңдау болады. Нақты шешім қабылданады. Ал отандық өнеркәсіпті қолдайтындардың петициясы 50 мың дауыс жинаса, ол да қоғам талқысына түседі.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда бірыңғай туристік билет іске қосылды