Су тасқынынан зардап шеккен тағы 50-ден астам отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының орталығында қоныс иелеріне кілті табысталды. Аймақта көктемгі су тасқыны салдарынан барлығы 4 мыңнан астам үйді су басқан еді. Олардың жартысы апатты деп танылған.
Жаңа баспаналы болғандар қатарында су тасқыны кезінде үйі қатты зардап шеккен Әміровтер отбасы бар. Заречный ауылында 5 жыл тұрған олар бүгін күткен кілтін алды. Көпбалалы отбасы жеке үйде тұруға үйреніп қалғандықтан, «Бірлік» ықшамауданына қоныстануға бел буыпты. Қазір Әміровтер жанұясы қос қуанышты тойлауға дайындалып жатыр.
«Алла басқа салмасын. Жылап жаман болдық. Уайымнан ауруханаға түстім. Қазір міне қуанышым қойныма сыймай тұр», – деді қала тұрғыны Күлжауар Әмірова.
Жаңа баспананың кілтін алғандардың қатарында Александр Михайленконың жанұясы да бар. Былтыр қарашада отағасы «Подгора» ауданында өз күшімен үй салған. Алайда бірнеше айдан кейін тұрғызылған баспана су астында қалыпты. Бүгінде Александр қайғылы күндердің артта қалып, үй беру мәселесі тез арада шешімін тапқанына қуанышты екенін жеткізді.
«Су келген кездегі сезімімді айтып, жеткізе алмаймын. Көзге жас үйірілді. Жаңа салынып, енді заңдастырылып жатқан үйіміз еді. Ол баспана да осыған ұқсас болатын. Бірақ тасқын кезінде іргетасы ғана қалды. Енді мына үйге кіріп, қайта аяққа тұрып жатырмыз! Құрылысшыларға алғысымды айтамын», – деді қала тұрғыны Александр Михайленко.
Петропавлдың жаңа шағынауданындағы үйлер ірі компаниялар мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынып жатыр. Баспана құрылысына демеушілік жасаған кәсіпкерлер де тұрғындарды құттықтады. Сондай-ақ олар келешекте анықталған кемшіліктер дереу түзелетінін айтады. Қазіргі таңда жаңа ықшамауданда 151 отбасы жаңа баспананың кілтін алған.
Айта кетерлігі, жергілікті кәсіпорындар тұрғындарды жиһаз және тұрмыстық техникамен қамтамасыз етіп отыр.
«Құрылысшыларымызға алғыс айтқым келеді. Барлығы қысқа мерзімде жасалды. Ең бастысы, сапалы орындалғандығы. 2 жылдық кепілдігі бар. Осы уақыт ішінде қандай да бір кемшіліктері анықталса, құрылыс компаниялары көмектесіп, бірден түзетеді. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ», – деді СҚО-ның әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жаңа «Бірлік» шағынауданында барлығы 700 үй салынады. Тұрғын үй құрылысын жылыту маусымы басталғанға дейін, яғни 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Қаланың қарқынды дамып келе жатқан бөлігінде шамамен 3000 адам тұрады.
Жансая Олжабек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 65 күн қалды