Оқыс оқиғада 9 және 13 жастағы оқушы көз жұмды
Үлкен Алматы каналына ағып кеткен екінші бала да өлі табылды. Бүгін қос балдырғанның жаназасы шығарылып, жер қойнына тапсырылды. Оқыс оқиғада 9 және 13 жастағы оқушы көз жұмды. Қазір қаршадай балалардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін бір ауылда тұратын қос әулетте қаралы күн. Бір сәтте-ақ екі отбасы қаршадай балаларынан айырылды. Ажалы судан келген оқушылар тал бесіктен белі шықпай жатып, жер бесікке салынып, жаназасы шығарылды.
Бауыр етінен айырылған ана зары. Қара жамылған отбасы. Балалардың қазасы бүтін бір ауылды қан жылатып отыр. Туыстарының айтуынша, көз жұмғандардың бірі биыл 4-сыныпқа, екіншісі 9-сыныпқа өткен. Олар 23 маусымда үйден шығып, қайтып оралмаған. Сол күні олардың ауылға жақын жатқан арнаға батып, сумен ағып кеткені мәлім болады.
– Оқиға болған күні су арнасына жақын тұратын тұрғындар бірден естідік. Ести сала жан-жаққа хабарласып, балалардың жақынына хабар бермек болдық. Сумен ағып кеткендердің бірі сол күні табылды. Ал екіншісін ұзақ іздеді. Полиция мен құтқарушылар жүрді. Тұрғындар мен туыстары, ата-анасы көз ілмей іздеумен болды, – деді Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Анастасия Регатун.
Бұл – Үлкен Алматы каналының Еңбекшіқазақ ауданындағы бөлігі. 2 баланың өліміне себеп болған оқыс оқиға осында болған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, арна ересек адамның өзіне қауіпті. Себебі бұл жер шомылуға арналмаған, рұқсат етілмеген.
Суға кеткен екінші баланың денесі кеше таңғы уақытта табылған. Мәйітті іздеу кезінде арнаны тоқтатуға тура келген.
– 23 маусымда жеке құраммен іздестірілді. Сол күні 2009 жылға бала табылды. Одан кейін 2013 жылғы бала іздестіру нәтижесінде 25 маусымда табылды, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Ербол Қисыбаев
Жергілікті тұрғындардың бірі «балалар шомыламыз деп суға кетті» десе, енді бірі «олар көпірден құлап, ағып кетті» дейді. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар алынғанын хабарлады. Айта кетсек, қос балдырғанның өмірін жалмаған үлкен канал ауыл шаруашылығы үшін 1980 жылы салынған.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы