«Арабтар әуежай саламыз деп, ауылдан тыныштық кетті». Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының азаматтары осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Отырар ауданы Балтакөл ауылының тұрғындары бұған дейін тып-тыныш өмір сүрген. Бір жылдан бері елдімекеннің мектебі мен мешіті, дүкені мен мәдениет үйі орналасқан көшеден күн сайын 200 жүк көлігі өтетін көрінеді. Баламызды сабаққа жіберуге қорқамыз деген көпшілік жанайқайын тыңдар құлақ таппай жүр.
– Біріншіден, ауыр жүк көліктері көшенің сапасын құртты. Екіншіден, олар тоқтаусыз жүреді. Қара халық таксиге 800 теңге төлейді. Ертең жүргізушілер жол нашар деп оның да құнын көтерді, – деді Балтакөл ауылының тұрғыны Ғазиз Жұманбалаев.
Наразы топ арызын айтып әкімдікке талай рет барған. Алайда ауыл басшысы «қолдан келер шара жоқ» деп шығарып салған. Себебі көліктер шетелдіктер салып жатқан әуежайға тиесілі көрінеді.
– Регламент, демалыс деген жоқ. Күні-түнімен жүреді. Арабтар әуежай салып жатыр. Оған пәленбай тонна тас кетеді, – деді Балтакөл ауылының тұрғыны Табысхан Шаймерденов.
Бір күні не баладан, не жолдан айырыламыз деген тұрғындардың талабын естуге ауыл әкімі келді. Бұған дейін жүк көлігін тоқтатуға қауқар жоқ деген Сейітхан Ателов бұқараға жаңа ұсыныс айтты.
– Мердігер 4 ай көлемінде тас таситынын айтты. «Ауылды айналып өтетін қара жол салып алыңдар» деп талап қоямыз. Ұсыныс – осы, – деді Балтакөл ауылының әкімі Сейітхан Ателов.
Ауылға арнайы барған «Алматы» теларнасының тілшілеріне азаматтар алғыс айтып, қайта хабарласты. Олар «дамыл таппаған жүк көліктері сап тыйылды» дейді. Ал аудан әкімдігі аталған жерде айналма жолдың құрылысын бастады.
Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Талдықорғандағы жалғыз автобекеттің жағдайы сын көтермейді