Коммунистер партиясының Қарағанды облыстық сайлауалды штабы Жамбыл Ахметбековты қолдау мақсатында ерекше акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белсенділер тобы партия нышаны бейнеленген әуе шарын ұшырды. Сондай-ақ, сирек көріністі тамашалауға келген қала тұрғындарымен кездесіп, үгіт парақшаларын таратты. Облыстық штаб өкілдері коммунистік идеология сынға көп ұшырайтынын, алайда қазіргі коммунистер бұрынғы ізашарларының қателігін қайталамай, заман талабына сай әрекет ететіндерін баяндады.
«Партия – халықтың сенімі мен құрметіне ие болып отырған саяси құрылым. Ол тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсарту жолында қызмет етіп, еңбек адамының құқығын қорғайды. Бүгінгі таңда біздің депутаттар тұрғындардан келіп түскен өтініштерді сараптап, түрлі салада жұмыс істеп жатыр. Ал сайлауалды үгіттің осындай түрі – тұрғындар арасында қызығушылықты арттырып, кандидаттың бағдарламасымен таныстыруға қолайлы әдістердің бірі», – облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Александр ЗЕВАХИН.
Ал, Балаларды қорғау күніне арналған шарада жүзден астам қызыл шар ұшырылды. Бүлдіршіндерге осылай тарту жасаған Коммунистік xалық партиясы Қаратал жағалауына жиналған облыстық штаб белсенділері тұрғындарды мейраммен құттықтап,сайлауалды үгіт жүргізді. Жиынға кандидат Жамбыл Ахметбеков те қатысты. Ол балаларды интернеттің кері әсерінен қорғап, ұлттық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын оқытуды насихаттауға назар аудару керектігіне ерекше тоқталды.