Бизнесті заңсыз тексеру бойынша соңғы 3 айда кәсіпкерлерден 500-ден аса шағым түскен

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Мемлекет басшысы азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақылаушы органдар болмашы себептің соңын нағыз репрессияға айналдырып жіберетін жағдайлар жиі кездеседі. Бүгін ҚР Бас прокуратурасының басшылық құрамымен кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады. Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің бизнесті қолдау жөнінде жүргізген жұмыстарының арқасында кәсіпкерлерді тексеру 3 есеге азайған. Енгізген мораторий өз тиімділігін көрсетті. Бірақ заңсыз тексерулер әлі де жалғасуда деді Президент.

«Соңғы 3 ай ішінде бизнесті қолдау жөніндегі мобильді топқа осындай деректер бойынша кәсіпкерлерден 500-ден аса шағым түскен. Бақылаушы органдардың болмашы себептің соңын нағыз репрессияға айналдырып жіберетін жағдайлары жиі кездеседі. Құжаттар тартып алынады. Ал оны кәсіпкерлер айлап қайтарып ала алмай жүреді. Жұмыс істеудің орнына бүкіл қызметкер тергеуде болады. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Прокурорлар кәсіпкерлер мен барлық құқық қорғау органдарының арасындағы қатынастарда заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге міндетті», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің бизнеске заңсыз араласып, оның жұмысына кедергі келтіруі ауыр қылмыс ретінде қарастырылуға тиіс екенін тағы бір мәрте елдің есіне салды. Президент мұны құр даңғаза сөз емес, нақты іске шақыру деп санайды. Мемлекет басшысы прокуратураға соттармен бірлесіп барлық тиімсіз жұмыс істеп тұрған нормалар мен негізсіз актілерді анықтауды да тапсырды.

Новости партнеров