Соңғы екі аптада Қазақстанда тұрғын үй бағасы 5 пайызға қымбаттады. Мамандар оның негізгі себебін зейнетақы жинағын пайдалануға берілген мүмкіндікпен байланыстырып отыр. Жалпы, өткен жылы орташа есеппен ел бойынша жылжымайтын мүлік құны 18 пайызға шарықтаған. Айта кету керек, баға Петропавл, Өскемен және Павлодар қалаларында жоғарылаған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Осыдан бір ай бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй төңірегіндегі дүрбелең мен баға өсімін ұстап тұруға бағытталған нақты шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аудару керек деп ескертті. Алайда мамандар азаматтар зейнетақы жинағындағы артылған ақшасын ала бастағанда баспана бағасы күрт қымбаттағанын айтады. Олар тұрғын үй бағасының өсуіне құрылыс материалдары құнының да әсері бар деп отыр. Себебі шеттен әкелетін қажетті заттардың шығыны көп.
«Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үй бағасы 18 пайызға өсті. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 5 пайызға, Алматы қаласы 11 пайызға, Шымкентте 25 пайызға қымбаттады. Айта кетерлігі, пәтердің қымбаттауына баспана бағасы өсті деген халық арасында тез тарап кеткен ақпараттың да әсері бар. Себебі осы соңғы айда ғана пәтер бағасы туралы жиі айтыла бастады», – деді сарапшы Алина Буравцева.
Баспана бағасының күрт өсуіне тұрғындар да алаңдаулы. Бұлай жалғаса берсе, қолымызға тиген қаражат алғашқы жарнаға да жетпей қалады дейді көпшілік.
«Государство начало реализовывать программу то, что пенсионнку снимать и идет обычная спекуляция. Продавцы этим пользуются, чтобы на миллион или на два миллиона продать больше», – деді қала тұрғыны Танат Медешев.
«Жаңағы зейнетақы қорындағы ақшаның бөлінген себебі ғой енді. Бұл 5-6 айдан кейін басылады ғой», – деді қала тұрғыны Эльмира Нұрбаева.
Ал, экономист Сапарбай Жобаев пәтер құны тағы да көтерілмесе түспейді дейді. Бағаның шарықтауына бір себеп – тұрғын үй құрылыс саласына қаражат құйыла бастағаннан кейін мердігерлер үйдің құнын көтеріп жібереді деп санайды. Яғни, сұраныс көбейген жерде бағаны ешкім ұстап тұра алмайды.
«...Бізде мынау инфляция деген нәрсе ол ежелден бар, мәселен 4-5 пайыздық инфляция қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бар Ұлттық банктің 9 пайыз. 2020 жылы зейнетақы қорындағы ақшаларын алу деген әңгіме басталғаннан кейін біздің инфляциямыз 10-12 пайызға шығып кетті», – деді экономист Сапарбай Жобаев.
Алайда қоғам белсендісі Рүстем Жансейітов зейнетақы есебінен тұрғын үй сатып алуға асықпауға шақырады. Оның пікірінше, жылжымайтын мүлік сатушылары үй алуға сұраныс жоқ деп, бағаны түсіруі мүмкін.
«Зейнетақы жинағындағы ақшаны алуға үмітті 700 мың адамның ішіндегі басым көпшілігі ипотекаларын жабуға жұмсауда. Сонымен қатар біраз адамның зейнатақы қорындағы ақшалары үй алуға жетпейді. Сондықтан дәл қазіргі уақытта асығыс шешім қабылдамай, бәрін ақылға салып істеу керек», – деді қоғам белсендісі Рүстем Жансейтов.
Сарапшылардың мәліметі бойынша, баспана бағасы Петропавл, Өскемен, Павлодар қаласында қарқынды өскен. Бірақ бір қызығы, бұл өңірлерде зейнетақы қорындағы ақшаны алу бойынша көп адам тіркелмеген. Ал, ең арзан баспаналар Қызылорда қаласында екен. Мамандар алдағы уақытта үй бағасы одан әрі өсе ме, жоқ па ол белгісіз дейді. Тек, адамдарға асықпай, әліптің артын бағуға кеңес береді.