Оқу нысаны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті базасында құрылған
Жобаның басты мақсаты - жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру. Ашылу салтанатына агенттік төрағасы Алик Шпекбаев қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жемқорлармен күресіп жүрген басшы Алматыға ресми іс сапармен келген. Ол жұмыс сапарын оқу орындарын аралаудан бастады. Сондай-ақ, кездесуде студент бағдарламашылардың жұмыстары таныстырылды. Жастар жасаған инновациялық жүйенің ерекшелігі сол, әлеуметтік желіні қадағалап, қоғамдағы мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Құндылық баршамызға ортақ. Бұл әділдік, адалдық, этика және заңды бұзбау. Бүгін таныстырған еңбектеріңізді ары қарай да басқа аймақтарға таратамыз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.
Ізін ала, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің төрағасы Алматыдағы «Нархоз» университетіне барды. Онда студенттерге қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. Оқу ордасы жемқорлықты түбірімен жою үшін бірнеше ауқымды жобаны қолға алған. Ол жерде этикалық кодекс қабылданып, тәлімгерлерден қандай да бір сыйлық қабылдамауды ұсыныпты. Сондай-ақ, бір мезетте 600 шақты студентті жинап, адалдық сағатын өткізеді. Айта кетейік, кейін агенттік басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб пәтеріне ат басын бұрды. Кездесуде мекеме өкілдері өздерінің бірқатар жобаларын таныстырды.