Ақтөбе облысында 20-ға жуық ауылда жарық жоқ

18.04.2023 23:57

Жөндеу жұмыстарына 50 бригада, 217 адам және 66 арнайы техника жұмылдырылған

arbat.media

Ақтөбе облысында 20-ға жуық ауыл жарықсыз отыр. Аймақта екі тәулік бойы жауған жауын мен қатты желдің кесірінен электр сымдарына мұз қатып, желілер істен шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл үйдің балалары бірнеше күннен бері балабақшаға бара алмай отыр. Өйткені ауылда жарық болмағасын, мектепке дейінгі мекемелер жұмысын уақытша тоқтатқан. Тұрғындар соңғы күндері тоқсаныншы жылдарға қайтып келгендей күй кешіп отырғанын айтты.

«Ұялы телефонды қосып отырдық. Сосын шырпы жақтық. Майшам да болған жоқ. Дүкеннен сатып алатын едік, нан да бітіп қалды », – деді ауыл тұрғыны Айымгүл Молдахмет.

Кешелі бері жарықсыз отырған ауылдарда жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Дегенмен  тұрғындардың кейбірі «Жауаптылар мәселемізді шешуге асығар емес» дейді. Көп үйдің жылу жүйесі электр энергиясына тәуелді болғандықтан, қазір баспаналары қара суық. Шенеуніктер мәселені қалай да шешеміз деп сендірді. Кейбір ауылдарға Ресейдің Орынбор облысындағы резервтік желі қолданылмақ.

«Қазір Ресей Федерациясындағы линияда апат орын алды. Жөндеу жұмысы жүріп жатыр. 3 мың абонент жарықсыз қалып отыр. Бізде Мәртөк ауданында кесте бойынша қосып жатырмыз», – деді Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Аслан Айтмағамбетов.

Соңғы мәлімет бойынша облыстың 6 ауданына қарасты жиырмадай ауыл әлі жарықсыз отыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қатты жел ақауды тез жоюға мүмкіндік бермеген.

«Облыста 17 елдімекенде жарық жоқ. Атап айтқанда Әйтеке би, Қобда ауданында 1, Мәртөк, Хромтауда 5, Ырғызда 3, Шалқарда 2 ауылда жарық жоқ. Бүгінде мамандар бәрін қарап, тексеріп жатыр», – деді Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеев.

Ал жөндеу жұмыстарына 50 бригада, 217 адам және 66 арнайы техника жұмылдырылған.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы