|
27.03.2024 | 18:49
996

Елімізде 12 оңалту орталығы салынады

Cветлана Жақыпова Алматы қаласының тұрғындарымен кездесті

Елімізде 12 оңалту орталығы салынады Almaty.tv

«Жетілдірілген және инклюзивті әлеуметтік саясат құру – әділетті қоғамды жасаудың негізгі факторы». Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматы қаласына жұмыс сапарымен келіп, осы саладағы түйткілді мәселелерді қозғап, бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбек министрі іс-сапарын «АРДИ» мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығынан бастап, мекеменің жұмысымен танысты. Орталықта церебралды ауруы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған бүлдіршіндер мен 18 жастан асқан азаматтарға озық әдістермен ем жасалып, заманауи технологиялар қолданылады. Кездесу барысында ата-аналар да өз мәселелерін айтып, ұсынысын алға тартты. Мысалы ерекше күтімге мұқтаж балаларға ем іздеуден бөлек, күрмеуі кертілмеген проблемалардың бары да сөз болды. Соның бірі – мүгедектік туралы анықтама алу. Кейбір науқастар дәл осылай оңалту уақытын өткізіп алатын көрінеді.

– Өте қиын, қажетті жерлерге барған кезде «балаңыз сап-сау, ешқандай көмек қажет емес» деп шығарып салады.  Мен 1 жасында білдім, бірақ диагноз 3 жасқа толғанда қойылды, – деді қала тұрғыны Құралай Тәжиева.

– Аталған мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бұл ведомстволар арасындағы шектеуді алып тастауға мүмкіндік береді. Демек, жұмысты оңтайландырамыз, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова

Светлана Жақыпова халықпен кездесу барысында барлық сұраққа жауап берді. Мүгедектігі бар жандардың мүддесін арттырып, өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірнеше пилоттық жоба іске асырылуда. Ал көпшілікке мұң болған мүгедектік анықтамасын алу процесін реттеу үшін қос министрлік бірлесіп жұмыс атқаратын болады. Сонымен қатар жұртшылықтың сұранысымен, шалғай ауылдардан келетін ерекше науқастар үшін аудан орталықтарында оңалту орталықтарын ашу жоспарда бар.

– Ерекше күтімді талап ететін балаларға қоғамға сіңісіп, білім алуға мүмкіндік беру үшін оларды ерте бастан бейімдеу қажет. Мұны 3 жастан емес, одан да ертерек қолға алуға болады. Әдетте ата-аналар балама не болды екен деп, диагнозды да білмей көп уақыт өткізіп алады. Сол үшін аурудан тиісті ем, әлеуметтік көмек алып, инклюзивті білімге қол жеткізу барлық ерекше балаға ауадай қажет, – деді оңалту орталығының арнайы маманы Жібек Құрақбаева.

– Мақсат – орталықтарды ауданнан не ауылдан ашу, Денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп, интеграция жасап, ауылдағы амбулаторияның бір кабинетін жасақтау, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова

Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғап, әділетті қоғам қалыптастыру мақсатында ұлттық жоспар іске асырылуда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келер жылға дейін еліміздің өңірлерінде 12 оңалту орталығы салынады.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Кәсібін шынайы сүйетін маман: мыңнан аса науқасты емдеп шығарды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир