Елордада 15 мыңнан астам үлескер жылдар бойы өзінің бапанасына қол жеткізе алмай жүр
Елордада 15 мыңнан астам үлескер жылдар бойы өзінің бапанасына қол жеткізе алмай жүр. 2019 жылы 52 үй құрылысы аяқталмаған болса, өткен жылы оның саны 135-ке жеткен. Ал, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов көп жағдайда үлескерлердің өзара келісімге келмеуі мәселе түйінін тарқатуға кедергі келтіреді дейді. Сонымен қатар шаһар басшысының есептік кездесуінде LRT құрылысының тағдыры, жергілікті мемлекеттік мекемелердің халыққа қолжетімсіздігі, бірқатар көшелердің коммуналдық мәселелері көтерілді. Ол жөнінде толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.
Атышулы LRT құрылысы елорданың әр тұрғынын мазалайтыны рас. Алтай Көлгінов қала ішінде қағылған ЛРТ қадаларының шынымен шаһар шырайын бұзып тұрғанын мойындады. Құрылысты жандандыру үшін банктерден инвестиция тарту жұмыстары басталды дейді.
«LRT қалалықтардың барлығын толғандырып отыр. Пандемия кезеңінде оның құрылысын жалғастыру мәселесі тоқтап қалған еді. Өйткені Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінен ғана емес, сонымен бірге халықаралық банктерден де сыртқы займ тарту қажет болды. Қазіргі уақытта бұл жұмыс қайта жанданды. Банктерден қаражат тарту қажет», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Тұрғындар тарапынан, әсіресе, коммуналдық мәселелерге қатысты, атап айтсақ, қаланы жарықтандыру, кәріз жүйелерін ретке келтіру, балалар спорттық нысандарының жеткіліксіздігі секілді сұрақтар көп қойылды.
«Біз Сарыарқа ауданындағы Берел көшесіндеміз. Көшенің жарығы 1 жылдан асты. Жарық жоқ. Сарыарқа ауданының әкімдігіне хабарластық. Күнде бала секілді алдайды бізді. 50 отбасы тұрамыз. Солардың атынан сөйлеп жатырмын», – деді қала тұрғыны Қанат Рахметов.
Бас қаладағы әкімдікке қарасты мекемелердің қолжетімсіздігін, тұрғындардың өтінішіне құлақ аспайтынын, басшылардың бала секілді халықты алдайтынын бірнеше тұрғын айғақтады.
«Қаланың басқарма, департамент басшыларының тұрғындармен кері байланысы жоқ. Қалалық телефондарына хабарлассақ, көтермейді. Олардың ашықтығын қамтамасыз етуіңізді сұраймыз. Әсіресе, көлік, білім басқармалары тек әкімдердің есептік кездесуінде жұмыс істеп жатырмыз дейді. Ал шындығында олай емес. Естігісі келмейді, есіктерін ашқысы да келмейді», – деді қала тұрғыны Сәуле Усина.
Жауын-шашын болғанда елорданың бірқатар көшелері Венецияға айналатыны да белгілі. Әкім су басып, көл болмас үшін күшімізді салып жатырмыз дейді.
«Жауын-шашын кәрізі жүйесіне қатысты сын көп. Қала жылдам өсіп келе жатыр. Тіпті, әлемдегі, ең қарқынды дамушы қалалардың бірі десек те болады. Кәріз жүйесіне байланысты Elorda eco systems кәсіпорнын құрдық. Ол дәл осы мәселемен айналысады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Бір баспанадан үмітін үзбеген үлескерлер мәселесі – елорда әкімдігінің басты проблемасы. Олардың саны жыл санап көбейіп келе жатыр. Биыл 50 үйдің құрылысын аяқтап, 7 мыңнан астам тұрғынды бақытқа бөлейміз деп сендіріп отыр Алтай Көлгінов
Асылбек Тойбек