Тұрғын үй өрті толастамай тұр. Астанада келбеті келісті көрінген әрбір екінші көпқабатты баспанада өрт қауіпсіздігі сақталмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – бір жыл бұрынғы көрініс. Алапат өрт 15 қабатты тұрғын үйде болды. Асқар Забикулин асқан ерлік көрсетіп, қызметінің соңғы сәтін осында өткізген еді. Ол өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, өрттің өтінен үш бірдей адамның өмірін сақтап қалды. Содан бері жыл жылжып, ай өзгергенімен, жағдай өзгермеген.
Көпқабатты тұрғын үйдің 12-қабатында қою түтін мен ыстың қалдығы, қара күйе қалып қойған. Бума болып оралған электр сымдары жан-жаққа таралған күйі ашық жатыр. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан тұрғындар да үрейленеді. Олар оқиғадан соң үйде бала қалдырудан қорқады.
– Өрт болған күн әлі есімде. Менің сол күні үйде 3 балам қалған еді. Қазір оларды бір сәтке де жалғыз қалдырып кете алмаймыз. Өртке оранған үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ қорқамыз. Үйден шығарда міндетті түрде электр желісін тексереміз, – деді қала тұрғыны Айман Әділова.
Тұрғындардың үреймен қарайтындай жөні бар. Көпқабатты кешенде айтып келмейтін апатқа қарсы бірде-бір сақтық амалы жасалмаған. Мәселені төтеншеліктер бақылауға қатысты мораториймен байланыстырды. Департамент мамандары соңғы 3 жылда бірде-бір тексеріс жүргізе алмаған көрінеді.
– "Қаһарман" тұрғын үй кешеніне соңғы рет 2019 жылы тексерілді. Ол кезде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына қатысты 11 кемшілік анықталды. ПИК маманына ескертілді. Міндетін орындамаған соң, сотқа да бердік. Одан кейін 3 жылдық мораторий басталды, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Талғат Қаерлинов.
Соңғы 1 жылда Астананың көпқабатты тұрғын үйінде 43 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 22 адам зардап шеккен. Төтенше жағдайлар департаменті өткен жылы қаладағы 900 көпқабатты үйдің 750-іне тексеріс жүргізген. Көпшілігінде кемшілік анықталған. Апатты есіктердің болмауы, шақырту жүйесінің ескіруі сынды түйткілдер бар. Мамандардың айтуынша, тілсіз жаудың қай тұстан тұтанарын болжау мүмкін емес. Десе де сақтықты әр адам өзінен бастағаны жөн.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Мегополисте трансформаторлық қосалқы стансада өрт шықты