Балық шаруашылығын дамытуға жағдай жасалмаған - балықшы

Almaty.tv
Almaty.tv
Түпқараған ауданы Аташ елдімекенінде жалғыз балық қабылдау пункті бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда балық шаруашылығы кенжелеп тұр. Ата кәсіппен көп жылдан бері айналысатындар шаруашылықты дамыту үшін жағдай жасалмағанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мир Жолдыбаевтың балық аулау кәсібімен айналысып жүргеніне 50 жылдан асқан. Нәпақасын Каспий теңізінен табады. Ресми балықшы деген құжаты да бар. Бірақ азамат «бір жылда екі бөліп берілетін лицензиядағы лимит аздық етеді. Бірінші кезекте осы мәселе шешілсе» дейді.

– Бірінші берілетін лицензияны 4 айға береді. Сол 4 айға бір бригадаға 1 тонна кифаль тиеді. Күніне 1 тонна балық аулауға болады. Бірақ оны сақтайтын жер жоқ. Сондақтына күніге 200-300 келі балық аулап, қайтамыз. Жағадан тоңазытқыш салса, өңдейтін зауытты айтып тұрған жоқпын. Әуелі қабылдайтынын жасап алсын. Содан кейін балықшылар өздері үшін тиісті жерге тапсырады, – деді балықшы Мир Жолдыбаев

Балықшылардың мәселесі тек рұқсат құжатындағы лимит емес. Олар бар балықты 300 келі өнім ғана сыятын мұздатқышта сақтауға мәжбүр. Ал ол кәсіпті дөңгелетуге кедергі келтіреді. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың айтуынша, Түпқараған ауданы Аташ елдімекенінде жалғыз балық қабылдау пункті бар. Алайда атқамінер әзірге басқа кәсіпкердің шаруасына араласа алмайтынын айтты. Оның айтуынша, балық аулау лимиті арнайы мамандардың теңіздегі биоресурстарды зерттеу нәтижесіне сәйкес беріледі.

– Алшақ елдімекендерден тыс жерлерде балық қабылдау пунктін ашып орнату – субъектілер үшін  шығын. Себебі кәсіпкер салқындатқыш, тоңазытқышын қою керек, шығыны бар. Балықшылар балығын тапсыра ма? Ол жерде де субъектілердің мүмкіндігін қараумыз керек. Егерде субъектілерді міндеттеп, қабылдауды ұйымдастырсақ, нарықта балықтың бағасы өсіп кету мүмкін. Себебі олар шығынын есептеп кетеді, – деді Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.

Басқарма басшысы балықшылардың уәжін назардан тыс қалдырмауға уәде етті. «Әр ауданға арнайы барып, мәселемен жеке танысамын» деген ол, бар сұраққа нақты жауапты да сол кезде бермек. 

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтауда 21 жастағы жігіт суға батып кетті

Новости партнеров