Достық даңғылында жаяу серуендеушілерге бар жағдай жасалады

Достық даңғылында жаяу серуендеушілерге бар жағдай жасалады
Қайта жаңғыртылатын көшенің ұзындығы 1316 метр, аумақтың көлемі 10,36 га-ны қамтиды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қайта жөндеуден өтетін Достық даңғылында жүргіншілерге бар жағдай жасалады. Сондай-ақ, қаланың картасы бейнеленген заманауи құрғақ үш субұрқақ іске қосылады. Ал құрылыс кезінде халыққа ыңғайлы болуы үшін алдымен көшенің бір беті, кейін келесісі жасалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалпы, Алматыдағы Достық даңғылын жөндеу жобасы осыдан 2 жыл бұрын жасалған. Дегенмен биыл оған бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Басты мақсат – жаяу жүргіншілерге барынша жайлы жағдай жасау. Сонымен, қайта жаңғырту кезінде Достық даңғылы бойында 3 құрғақ субұрқақ іске қосылатын болды. Оның қатарында, ерекше дизайнымен көпті тәнті ететін фонтан да бар.

«Достық Құрманғазының бойында мыңжылдық субұрқақ болайын деп жатыр. Ол негізінде инвесторлар қаржысына салынып жатыр. Тағы екі фонтан қоямыз жанына. Достық даңғылында кішкентай алаңдар бар. Оларды да жөндейміз.  Ол жерге шағын архитектуралық мүсіндер қойылып,  көшеттер егіледі», – дейді  Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.

Алматыда қайта жөндеуден өтетін Достық даңғылында жаяу жүргіншілерге басымдық берілетіні көпті қуантты. Жаңартылған көшелер тұрғындардың көңілдерінен шыққан.

«Жиі қыдырамыз. Әсіресе, Панфилов көшесі мен Арбаттың бойында көп жаяу жүреміз. Достық көшесін жаңартса, біз жиі келетін едік. Себебі, ол бізге өте ыңғайлы», – дейді қала тұрғындарының бірі.

Келесі бір тұрғын елді көліктердің мезі қылғанын, сондықтан бір мезгіл жаяу жүруді қалайтындарын айтты.  

«Орталықты қалай керемет қылып жасап қойған. Сондай риза болдым, тіпті айтарға сөзім жоқ», – дейді бір тұрғын.

Достық даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысынан бастап, Қазыбек би көшесіне дейінгі аралықты қамтитын жобаның үлгісі бойынша, қайта жаңғыртылатын көшенің ұзындығы 1316  метрді,  аумақтың көлемі 10,36 га-ны қамтымақ.  Сондай-ақ ол жерлерге жап-жаңа көше шамдары, орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылады. Біршама аумақ көгалдандырылады. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары маусым айының ортасында басталып, күзде аяқталады. Мамандар құрылыс кезінде арнайы тақтайша орнатып, халықтың жолдан қауіпсіз өтуіне жағдайды жасап қоймақ.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Влад Шишко, Алматы телеарнасы

Новости партнеров