Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айында кәсіпкер азаматтарды көбірек сауапты амал жасауға, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын төмендетуге шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас мүфти биыл Рамазан айының 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталатынын еске салды. Ал 2 мамыр – Ораза айт күні. Осы жылы ораза 30 күнге созылады.
«Кәсіпкер азаматтарды қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын», - деді ҚМДБ бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар Ораза кезінде жамағатпен намаз оқуда маска тағып, арақашықтықты сақтау міндетті емес. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар мәлім етті. Ол сонымен қоса, Ораза кезінде вакцина алуға рұқсат деді. Яғни вакцина салдыру Оразаны бұзбайды.
«Пітір садақа Ораза айы кіргеннен кейін 2 сәуірден бастап бере берсе болады. Ораза аяқталғанға дейін, Айт намазы аяқталғанға дейін берсе болады. Жалпы Рамазан айында барлық мешіттердің есігі ашық. Бес уақыт намаз да, Тарауих намаздар да оқылады деп отырмыз. Алла кесірінен сақтасын. Мешіт ашық болғаннан кейін, садақа беретін орындар да ашық болады», - деді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат қажы Оңғар.