Қазір Алматыда 470 көпбалалы ана қысқа мерзімді курстарда оқып жатыр
Көпбалалы аналар енді алысқа сабылмай-ақ, өздерінің тұрғылықты жері бойынша көмекке жүгіне алады. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев осыған орай тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһар басшысы қаладағы көпбалалы аналармен кездесіп, олардың көкейтесті мәселелерін тыңдады. Бақытжан Сағынтаев бизнес бастағысы келетін әйелдерге барынша қолдау көрсету мақсатында, «Іскер ана» бағдарламасын бір ай ішінде іске қосу бойынша Ерлан Әукеновке тапсырма берді.
Бүгін қала әкімі Алматының көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларын қолдау мақсатында құрылған «Бақытты отбасы» орталығының жұмысымен де танысты. Орталық ашылғалы мұнда 3 мыңнан астам әйел әртүрлі мәселе бойынша жүгінген. Ал көпбалалы 15 ана осы жерден қысқамерзімді курс оқып, жұмысқа орналасқан. Дегенмен, шаһар басшысы оқу бітірген аналардың өз бизнесін бастауына мүмкіндік жасау қажет деді.
Көпбалалы аналармен де кездескен әкім оларды мәселелеріне құлақ асты. Олардың бірін балаларға арналған үйірме мәселесі мазаласа, енді бірі жолдың алыстығын тілге тиек етті. Ал аудан бойынша көпбалалы отбасыларға жауаптылар соңғы кездері атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тіркелген мекен-жайын ауыстыратындардың көбейгенін алға тартты.
«Бүгінде уақытша тіркеу деген басты проблемаға айналды. Себебі ауылда үй-жайы, мал-мүлкі бар, жағдайы жақсы бірақ көпбалалы отбасылар Алматыға тіркеліп алады да, осы жерден әлеуметтік көмек алады», – дейді Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша«Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Аида БҰҚАЕВА.
«Әр ананың жеке бизнесі болу керек. Біздің негізі концепциямыз дайын, бизнес жоспарымыз да бар. Біз көпбалалы аналар өз идеяларын әкеліп көрсете алатындай орталық құрғымыз келеді. Біз ол жерде аналарға бизнесін жүргізіп, тіпті сатқанша көмектесер едік», – дейді Алматы қаласы «Бақытты отбасы» орталығының Алатау ауданы бойынша жетекшісі Ақмарал БАСИРОВА.
Көпбалалы аналардың ұсынысын мұқият тыңдаған шаһар басшысы әр мәселе бойынша тиісті тапсырма берді. Қазір Алматыда 470 көпбалалы ана қысқа мерзімді курстарда оқып жатыр екен.
«Тегін оқып, жұмысқа орналасқан жеткіліксіз. Сондықтан, кәсіп ашып өз ісін дөңгелеткісі келетін аналарды барынша қолдау қажет», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұл мақсатта көп ұзамай қалада «Іскер ана» жобасы іске қосылады.
«Курстарда оқып, білімін жетілдіріген аналарды демеп отыру керек. Оқығаннан кейін ол жұмыс көзін тапты ма, бизнес ашты ма, оған не кедергі, міне осыларды бақылау керек. Егер ол тігін курсын бітіріп, көрпе тігем десе, тігін машинасын сыйлау керек. Кімнің неге икемі бар, соған сай тегін грант берейік. Бірақ оны бақылау керек. Ал, ол аяғына тұрып алған соң өзі ғана емес, қасындағы құрбыларының барлығын да тартады содан кейін», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
«Біз үшін ең басты мәселе – аналардың өз бизнесін дамытуға көмектесу. Бізге 37-ден 48 жасқа дейінгі көпбалалы аналар келеді. Өкінішке қарай, көпшілігінің өз бизнесін ашуға кәсіби дайындығы жоқ. Істі қалай бастарын білмейді. Сондықтан біз мұндай әйелдерге көмектесуді бірінші мақсат етіп отырмыз. Оларды оқытып, арнайы бизнес тренингтерге қатыстырамыз», – деді «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Зульфия БАЙСАКОВА.
«Бақытты отбасы» орталығына келушілер шаштараз, бет әрлеу және маникюр курстарын үйренеді. Аналары оқып жатқанда балалары кедергі келтірмес үшін, оларға да мұнда түрлі үйірмелер қарастырылған. Жалпы, бұл ғимаратқа қаланың әр түкпірінен көбінесе тұрғын үй мен әлеуметтік көмек алу жолдарын сұрап келетіндер көп екен. Енді «Бақытты отбасы» орталығын Алматының әр ауданында кезек күттірмей ашу көзделуде. Соның арқасында көпбалалы аналар мен олардың балалары бұл орталыққа алыстан сабылмай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын ғимаратқа жүгіне алады.
Айдана Мейрамбайқызы, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы