Алатау ауданындағы 1400-ден астам үй көгілдір отынға қосылмақ

17.07.2019 00:39

Енді ауданға жылуды қаладан тартады. Қазір қажетті 36 шақырымның, 17 шақырымына толық құбыр тартылған

Стопкадр Almaty.tv

Алатау ауданы көшелеріне жарық қойылып, газ тартылуда. Бүгінде 150 көшенің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Одан бөлек, жол жөндеу жұмысы мықтап қолға алынды. Сондай-ақ биыл 13 шағын ауданда тақтайдай тегіс жол салынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанат Тілеубаева үйін көмірмен жылытатындықтан, күз түспей тұрып отын-суын қамдауға кісіреді. Көпбалалы ана қара алтынның бағасы жыл сайын шарықтап, қол жеткізу тіпті қиындап кететінін алға тартады. Жалпы, жалғыз Салтанат қана емес, пеш жағып күнелтіп келген тұрғындар енді бұл күндердің артта қалатынына әлі сене алар емес.

«Осыған дейін үйді көмір тасып, жан-жақтан отын жинап, жылытып отырған едік. Енді үйді газбен жылытамыз», – дейді Салтанат ТІЛЕУБАЕВА.

Салтанатпен бірге Рахат-Мәдениет шағын ауданында тұратын 1400-ден астам үй көгілдір отынға қосылмақ. Бұған дейін мұнда газдандыру жұмысы Алматы облысы арқылы жүзеге асырылып келген. Енді ауданға жылуды қаладан тартады. Қазір қажетті 36 шақырымның, 17 шақырымына толық құбыр тартылған.

«Біздің ауданда, газ мәселесі Рахат-Мәдениет шағын ауданында газ мәселесі тұр. Биылғы таңда ол жерде магистарлды құбыр тартылған. Және де қазір жеке көшелерге тартылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жұмысты толықтай аяқтайды, соған сәйкес газ мәселесі шешімін табады», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Берік ӘШІРБЕКОВ.

Ұлжан-2 шағын ауданындағы бұл жолдарды өткен жылы күзде түсірген едік. Аяқ алып жүргісіз жолда көлікпен қатынау тіпті қиын. Балшық кешуден мезі болғанын тілшілерге айтқан жұрт енді тақтайдай тегіс жолға қол жеткізді. Одан бөлек, 12 шағын ауданда шұрық-тесік жолдар қалыпқа келтіріліп жатыр. Оның ішінде  «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Ұлжан-1», «Байбесік» шағынаудандары бар.

«Қазір біздің 24 көшеде жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 12 көшеде жұмыстар аяқталуға таяу. 5 көшеде  әлі жұмыстар жүріп жатыр. Қалған көшелер тамыз айында аяқталады», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Берік ӘШІРБЕКОВ.

Әйтсе де, тұрғындардың мәселесі мұнымен түгесілмейтін секілді.

«Көшеде жарық жоқ. Бізге емес,  әсіресе балаларға, оқушыларға қиынырақ. Мектептен қайтарда міндетті түрде ата-анасы қарсы алмаса, қорқынышты», – дейді тұрғын Бекжан ИСАБЕКОВ.

Талай жылдан бері жол азабын тартып жүрген «Шаңырақ-2» шағынауданы тұрғындары үшін алдағы уақытта бұл мәселе шешімін таппақ. Қазіргі таңда жарықтандыру бойынша 150 көшенің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалған.

«730 көшенің ішінде қазіргі таңда жарықтандыру бойынша 50 пайыздай жарықтандырылған. Қазіргі таңда бізде жобалау сметалық құжаттамалары дайын 3700, көше санымен 150 көшеге құжаттарымыз дайын. Биылғы жылға сол ақшаны бөлу қарасытырылып жатыр. Алдағы таңда ауданымызды толықтай жарықтандыру қамтамасыз ету үшін тағы да 150 көшеге жобалық сметалық құжаттар жасалу керек», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Берік ӘШІРБЕКОВ.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» теларнасы