Алматыда қызыл-қоңыр қоңыздар қаптап кетті

фото из открытых источников
фото из открытых источников
Қаланың жасыл экономика басқармасы жәндіктердің көбейіп кетуі ПИК-тің кінәсі дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күн ысығалы бері Алматы тұрғындары терезе ашудан қалыпты. Оған себеп – биыл қалада қаптап кеткен қызыл-қоңыр қоңыздар. Өз беттерінше күресіп, одан еш нәтиже шығара алмаған соң алматылықтар Almaty.tv тілшілерінен көмек сұрады.

«Биыл қоңыздар шамадан тыс көп», – дейді бір тұрғын.

Ал келесі бірі бұл жәндіктің тіпті үйге кіріп, ас бөлмесінде қазан-ошаққа араласқаны жиіркеніш туғызатынын айтып салды.

«Бүгін үй жинап жүріп, линолеумді көтеріп қалып едім, талып қала жаздадым», – дейді келесі бір тұрғын.

Алматы тұрғындары қоңыздың көбейіп кеткені соншалық, бүгінде терезе ашудан қалдық, таза ауа жұта алмай отырмыз дейді. Қызыл-қоңыр жәндіктер тіпті тамаққа да түсіп, әбден әбігерге салыпты. Айтуларынша, қоңыздардың саны күннен күнге артып келеді.  

«Күн ысығалы бері мына қоңыздар бәле болды. Оларды өлтірсең, жағымсыз иіс шығады. Олар жай көп емес, шамадан тыс көп. Менің ойымша, пәтер иелер кооперативі ағаштарды тазалауы керек. Күн қатты ыстық, терезе ашуға мәжбүрміз. Тор салайық десек, ауа кірмей қалады. Жәндіктердің зияны жоқ болғанымен, тамаққа түсіп кетеді. Оның өзі жиіркенішті. Бұл мәселені тез арада шешу керек», – дейді Татьяна МАШИНА.  

Алматылықтарға ыңғайсыздық туғызып жатқан жәндіктер Еуропадан келген екен. Олар көбіне қарағашта қоректенеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл қоңыздың адамға да, жасыл желекке де зияны жоқ. Сондықтан, химия қолданбай-ақ қойған абзал.  

«Бұл қоңыздардың ешкімге, еш нәрсеге зияны жоқ. Шақпайды да. Алайда терезенің арасына кіріп, өліп қалса, жағымсыз иіс шығады. Сондықтан оларды жәй ғана сыпырып тастау керек. Химия қолданып, өз денсаулығыңызға кері әсерін тигізбеген дұрыс. Бұлардан тек күн суытқанда, күзге таман құтыла аласыз. Қоңыздар негізінен 90-жылдардың аяғына таман пайда болды. Содан бері, кей жылдары көбейсе, кейде азайып кетеді. Ол ауа райына да байланысты. Негізінен қалыпты жағдай», – дейді Алматы қаласы зоология институтының қызметкері Борис ЗЛАТАНОВ.

Ал қаланың жасыл экономика басқармасының мамандары жәндіктердің көбейіп кетуі, ПИК-тің кінәсі дейді. Олар көктем шыға салысымен үйдің жертөлесіне химиялық немесе биологиялық препараттар себуі керек еді. Ал оны, аудан әкімшіліктері қадағалауы тиіс. Тазарту жұмыстарын жүргізбегендіктен, жәндіктер қаптап кеткен,– дейді басқарма қызметкері.

«Мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында ғана біз жиналыс жасап, Алмалы ауданында Желтоқсан мен Абылай хан көшесінде түнгі 23.00-ден кейін биопрепаратпен тазалаттық. Солардың қорытындысы енді дайын болады», – дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас ЖАНЫСБАЕВ.

Осы күні қала тұрғындарынан қоңыздардың көбейіп кеткені туралы хабарламалар күн сайын келіп түседі екен. Сонымен қатар, «Open Алматы» арқылы да шағымдар қабылданады. Қазір Алматы қалалық әкімдігінде арнайы комиссия құрылған. Аталған топ шағымдар бойынша мекен-жайға барып, тазалап жүр. Жәндіктермен күресті одан әрі жалғастырамыз дейді мамандар.

Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров