Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданына арнайы барып, халықтың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданының қазіргі әкімі Шахмерден Рысбаев қордаланған мәселелердің басын ашып, оларды шешуге көмек сұрады. Кездесуде инженерлік желілер, көше жөндеу, газбен қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Белгілі болғандай, Алатау ауданы бар болғаны 38 пайызға көше шамдарымен қамтылған. Бұл 730 көшенің тек 278-інде ғана бағандар бар деген сөз. Ал аудандағы қылмыс санын азайту үшін тағы 7795 көше шамдарының бағанын орнату керек.
Бақытжан Сағынтаев аудан тұрғындарының өзімен тікелей сөйлесті. Олар өздеріне күніне 500-дей адам қабылдай алатын жаңа екі емхана салынса деген тілек білдірді.
Сондай-ақ, қала әкімі Ақбұлақ шағынауданындағы жолдарды салу барысымен танысты. Онда жалпы саны 36 көше жасалуы керек болса, қазір 11 көшеге асфальт төселді. Жөндеу жұмыстары тамыздың 25-іне дейін жоспарланып отыр. Жалпы, биыл көктемде аудандағы барлық көшені ретке келтіру үшін республикалық бюджеттен 5,1 млрд теңге бөлінген. Дегенмен, Алматы қаласы мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев 13 шағынаудандағы 440-тан астам көшені жөндеу үшін тағы да қаражат керек екенін айтты.
Одан соң қала әкімі индустриалды аймақта салынып жатқан қос автопарктің құрылысымен танысты. Оның бірі 200 автобусқа арналған 3-коммуналды-шаруашылық болса, келесісі 130 қоғамдық көлікке шақталған. Құрылыс құны 5 миллиард теңге тұратын коммуналдық автопарк биыл тамыз айында қолданысқа берілмек. Нәтижесінде, 360 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Ал жекеменшік инвестордың есебінен салынып жатқан келесі автопарктың құрылысы желтоқсан айында аяқталады.
Айта кетейік, Алматы әкімі одан кейін Алатау ауданында орналасқан жылу электр орталығына бас сұқты. Онда толықтай газға өту мәселесі талқыланды.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы