Алматы жұрты арыстықтарға 10 КАМАЗ құрылыс материалы мен 232 миллион теңге жинап берген
Арыс қаласы ғана емес, Ақдала, Дермене, Ақжол ауылдарының тұрғындарына да 100 мың теңгеден берілетін болды. Бұл туралы бүгін «Nur Otan»
партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен жиында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төраға орынбасары жарылыстан жапа шекке жұртпен кездесіп, қазақ жастарын көмекке шақырды. Бұдан бұлай Арыс қаласын қалыпқа келтіру үшін көмекке келген өңірлердің рейтингі, сондай-ақ керісінше жауапсыздықпен баяу жұмыс істеген аймақтардың тізімі жарияланады. Жалпы, қаланы қалыпқа келтіруге бір ай уақыт берілсе, оның 10 күні өтіп кетті.
«Біз кеше ғана Премьер-министрмен осы мәселе бойынша сөйлестік. Бұдан былай біз апта соңында мәліметтердің бәрін алып, филиал басшыларын жұмылдырып, ашық рейтинг жасайтын боламыз. Сонда нақты кімнің не істеп отырғаны белгілі болады. Партия халыққа нақты мәлімет беруі керек. Халық барлығын ашық көріп-білуі, керек», – деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК.
Активтерге тапсырма берілген соң Бауыржан Байбек арыстық ағайынмен жолығып, құлаған, бүлінген үйлерді аралады.
«Жарылыстың күндіз болғанына шүкір дедік. Түнде болғанда, ел түгел қырылып қалар ма еді? Алланың кереметі ғой бұл да. Жұрт қашып құтылды», – деді қария. Бұл сөзді партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те құптады.
Жалпы, Арыста 8867 үй болса, оның 6127-і бүлінген. Соларды жөндеу бір айдың ішінде жүзеге асса, снарядтан мүлдем қирап-қалған 30 шақты тұрғын үйді қайта салуға үш ай уақыт берілді.
«Әр отбасымен байланыс орнатып, үйлері қашан жөнделетінін нақты айту керек. Әрине, осы тұста арыстық ағайынға шыдамдылық керек. Себебі үйді жөндеу немесе қайта тұрғызу оңай емес. Бірақ бәріміз ел болып, жұмыла көтеріп, қандай мәселені болсын шешеміз», – деді «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК.
Арыстық ағайынды жайлы өмірге тезірек оралту үшін 170 құрылыс бригадасы жұмылдырылды. Бұдан бөлек жастардан құралған 150 ерікті тағы бар. Жігіттер жүк түсіру, құрылыс заттарын тасумен айналысса, қыздар қоныстану орталығында үй-күйсіз адамдарды тамақтандырып, тазалықпен айналысады.
«Алматы жастары осы Арыс қаласындағы болған жағдайды естіп келіп отырмыз. Тек Алматы қаласы ғана емес, өңіріміздің барша белсенді жастары да бар арамызда. Кімнің қиналған жұртқа көмектеспек ниеті бар, баршаңыз да келіңіздер! Қаржылай болсын, қол көмек болсын, қазір арыстық ағайын қолдауға аса зәру. Өзіміздің жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел екенімізді дәлелдейтін сәт келді деп ойлаймын», – деді «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының мүшесі Ерқанат ТҮЙМЕБАЙ.
«Біз Қызылорда қаласынан келіп отырмыз. Арыс қаласындағы болған оқиғаға бей-жай қарай алмадық. Бүгінде қаланы қалпына келтіруге қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз», – деді «Жас отан» жастар қанаты қызылорда қалалық филиалының басшысы Бексұлтан ӨТКЕЛБАЕВ.
Күтпеген қиындыққа кездескен арыстықтарға көмек ретінде қорға қазақстандықтар 1 миллиард 200 миллион теңге аударып, 500 тоннадан астам тауар жіберді. Оның ішінде, Алматы жұрты 10 КАМАЗ құрылыс материалы мен 232 миллион теңге жинаған. 496 үйге қажетті қаржы қосымша тағы аударылады.
Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы