|
05.10.2021 | 20:26
3251

Хакерлер шабуылы ма: Әлеуметтік желілердің істен шығуына қатысты сарапшы пікірі

Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг 6 сағатта 6,6 миллиард доллардан айырылды

Хакерлер шабуылы ма: Әлеуметтік желілердің істен шығуына қатысты сарапшы пікірі Фото: REUTERS

«Бұл түннен аман-есен шықтық». Таңертең негізгі табысын әлеуметтік желілерде тауып жүрген блогерлер қауымы осылайша сүйінші сұрады. Кеше дүниежүзі бойынша Facebook, Instagram және WhatsApp әлеуметтік желілері шамамен кешкі сағат 21.30-дан бастап уақытша істен шықты. Ал күнделікті Facebook-те отыратын 2 миллиард қолданушының жеке дерегіне қауіп төнді ме? Facebook-ке хакерлер шабуыл жасағаны рас па? Бұл сұрақтардың жауабын Almaty.tv тілшісі біліп көрген еді. 

Facebook-ке тиесілі әлеуметтік желілер істен шығып тұрған уақытта, керісінше, Twitter, Vkontakte қосымшалары қолданушылардың үлкен ағымына қарқ болды. Ал TgStat аналитикалық қызметінің мәліметінше, осы уақыт ішінде Telegram-ға 50 миллиондай адам жаңадан тіркелген. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 6 сағаттан соң Facebook қайта жанданды. Желі инженерлері ақау маршрутизаторлар баптауындағы қате өзгерістерден болғанын мәлімдеді. Қызметкерлер қауіпсіздік қызметіндегі тағы бір ақаудан сағаттар бойы компанияға кіре алмаған. Себебі ғимараттың есіктері бұғатталып қалыпты.

«Facebook, Instagram, WhatsApp және Messenger онлайн режимге қайта оралды. Бүгін болған ақау үшін кешірім сұраймын. Өздеріңізге қымбат жандармен үнемі байланыста болу үшін біздің қызметімізге сенім артатындарыңызды білемін», – деп жазды Facebook-тің негізін салушы Марк Цукерберг. 

Facebook инженерлері қосымшаны пайдаланушылардың жеке мәліметтеріне ешқандай қауіп төнген жоқ деп сендірді. Ал IT мамандары жалпы әлеуметтік желілерде пайдаланушылардың жеке мәліметтерінің қолды болу қаупі бар екенін жоққа шығармайды.

«Әлеуметтік желілерде деректерді сақтауға бола ма?» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Себебі онда қандай мәліметтерді жариялауды қолданушының өзі шешеді. Деректеріне алаңдаулы адамдар әлеуметтік желі де мүлдем отырмаса болады», – деді Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының киберқауіпсіздік бойынша маманы Иван Филько.

Ал алматылықтардың арасында әлеуметтік желілердің істен шыққанына үрейленгендер де табылды. Себебі олар өміріміздің бір бөлігі дейді.           

«Оларға үйреніп кеттік қой, WhatsApp пен Instagram болмаса, тұра алмаймыз. Онда барлығы қызық қой. Жаңалықты да біліп отырамыз. Тіпті зейнеткер болсақ та, осы әлеуметтік желілерді жақсы көреміз», – дейді қала тұрғыны Бақыт Балабаева.

«Қазақстанда тұрмайтын алыстағы жолдастарыммен WhatsApp-пен ғана байланысамын. Өйткені телефонмен хабарлассам, қымбат болады. Instagram көп мәселені жариялайды», – дейді тағы бір тұрғын Ботагөз Дүйсебаева.

Сондай-ақ, керісінше, әлеуметтік желілердің біржола жойылуын қалайтын тұрғындар да бар.

«Істемей қалғаны да дұрыс болған шығар. Өйткені адамдар әлеуметтік желімен ғана емес, өмірде де сөйлесуі керек деп ойлаймын. Менің ойымша, әлеуметтік желілер, керісінше, адамға зиян», – дейді тұрғын Әлиайдар Шерхан.

Оқи отырыңыз: Facebook-тің неге істен шыққаны белгілі болды

Ал осы 6 сағатта Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг 6,6 миллиард доллардан айырылды. Оған компания акцияларының бірден түсіп кетуі себеп болған. Осылайша, миллиардер ғаламшардың ең бай адамдарының тізімінде төртінші орыннан алтыншыға түсіп қалды.

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир