Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұлан ауылының тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Тоқты үлестіретін жалғыз транформатор екі күннің бірінде істен шығатын көрінеді. Оның үстіне, тоқ тоғысып жатқан жерде қарапайым қауіпсіздік ережелері де сақталмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тоқ көзінің жиі ажырауынан үйдегі тұрмыстық техникадан өзге, жылумен қамтамасыз етуге қажетті құрылғы да істен шықты деп налыған Гүлсара Қайназарова Ұлан ауылында 15 жылдан бері тұрып келеді. Оның айтуынша, жарық үйде ғана емес, сыртта да жанбайды. Осылайша, халық тас қараңғыда өмір сүруге мәжбүр.
«Кешкі уақытта балаларым далаға шыға алмайды. Дым көрінбейді. Тас қараңғы. Неге екені белгісіз, шамдарды қойды, ал жарық берілген жоқ», – дейді Ұлан ауылының тұрғыны Гүлсара Қайназарова.
Ал жергілікті әкімдік өкілінің айтуынша, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ұлан ауылында 4 трансформатор бар. Олардың жұмысына, сондай-ақ, қауіпсіздігіне мердігер ұйым жауапты көрінеді.
Трансформаторда ешқандай қауіпсіздік ережесі сақталмаған. Неге десеңіз, оның сыртында қоршауы, тіпті, есігінің ауызында құлпысы жоқ. Ойын қуған кез келген бала есігін ашып, тоқпен ойнап тіл тартпай кетуі мүмкін.
Трансформатордың ашық аузын жауып қана қоймай, оған құлпы орнату жауапты мамандардың есіне енді түскендей. Себебі сұхбат барысында тосыннан келген сұраққа жергілікті әкім мардымды жауап бере алмады.
«Мердігерлер мектеп немесе балабақша аумағында болса ғана қоршауға алынады деді. Ал көшедегі трансформаторларды қоршаудың қажеті жоқ деп отыр», – дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Тұрарбек Ташов.
Ұлан ауылында даудың басы болған көк түсті трансформаторлардан өзге, жол жүру ережелері де сай емес. «Мектеп жасындағы балаларды жалғыз жіберуге қорқамыз» дейді кей тұрғын. Ал әкімдік өкілдері жарық пен жол мәселесі 1 ай көлемінде шешіледі деп отыр.
Оразай Нұртай, Дамир Анитов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы