Қос тарап та бір-бірінің талабын орындауға асығар емес
Теміртауда 60-қа жуық көпқабатты үй қысқы маусымға дайын емес. Мұны анықтаған коммуналдық қызмет көрсететін мекеме аталған баспаналарды орталық жылу жүйесінен ажыратып тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласында қазір 1100-ден аса көпқабатты үй бар. Мысты мекенге коммуналдық қызмет көрсететін компания көпқабатты тұрғын үйдің барлығы 6 шілдеге дейін жылу маусымына сақадай сай болуы тиіс» деп хабарлама таратқан. Бірақ ескертуді елеген ешкім болмады. Ал үйлер жылу жүйесінен ажыратылғанда, шу шыққан.
– Тұрғын үйде көпбалалы отбасылар және зейнеткерлер тұрады. Олардың арасында төлемді төлей алмайтындар бар, – деді Теміртау қаласының тұрғыны Әлібек Сейітбатталов.
Жылу маусымына уақытылы дайындалып, о баста бекітілген мерзімде сақадай сай тұруға көптің шамасы жетпеген. Жөндеу жүргізуге мүмкіндігі болмаған жұрт «құнды қалта көтермейді» деп ашынады. Ал жергілікті билік өкілдері коммуналдық қызмет міндеттеген тәртіп қатаң сақталуы тиіс дегеннен танбады. Мұндағы мекеме мамандары «баспаналарды қысқа дайындау – әр үй иесінің міндеті» дейді.
– Жылу энергиясы қабылдау ережелері бар. Сол ережелерге сәйкес, үй дайын болмаса, жылу энергиясынан ажыратылады. Мемлекеттік мекеме болғандықтан, тұрғындарда жылу болғанын қалаймыз. Ескерту елемесе, қыста өздері жылусыз отырады, – деді қала әкімдігінің бас маманы Мұхамеджан Алдабаев.
Көпқабатты тұрғын үйлерге жылдар бойы қызмет көрсетіп келе жатқан басқарушы компания басшыларының айтуынша, тұрғындар көбіне алданып қалатын көрінеді. Халық жеке тұлғаларды сантехникалық жөндеу жұмыстарын жасап беруге жалдайды. Екі жақ келісімшарт жасамайды. Екі ортада кепіл мерзім белгіленбейді, сәйкесінше ақау шықса кемшілікті жоюға ешкім жауапты болмайды. Көп жағдайда жылу жүйесі тиісті талапқа сай болмайды.
– Соңғы 4 жыл ішінде қала тұрғындары жылу маусымына дайындық жасамай келеді. Аталған проблема бар. Тұрғын үйлерде басқарушы компания болса да, халық жиналысқа келмейді. Жұрт міндетіне салғырттық танытады. Соның салдарынан осындай жағдай болып отыр, – деді жауапты компанияның директоры Румиль Сабиров.
Қазір қос тарап та бір-бірінің талабын орындауға асығар емес. Ал қала билігі тұрғын үйлерді жылусыз қалдырмауға күш салатынын айтты. Әкімдік жұмысты атқарар, бірақ кемшілігі жөнге келмеген желінің күні ертең апатқа әкеліп тіремесіне кім кепіл?
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы Қарағанды облысы
Оқи отырыңыз: Көк шығанақ: Каспийдің жағалауы қоқыс алаңына айналды