Биыл Алматыда ұзындығы 134 шақырымға созылған 144 көше жөндеу көреді деп жоспарланған
Қала шетін айтпағанның өзінде, орталықта да жаяуларға жол қарастырылмаған. Соның салдарынан тұрғындар күндіз-түні көлік жүйткіп жатқан көшелердің жиегімен жүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күндіз-түні көлік ағылып жататын Мұқанов көшесіндегі қауіпті аймақ – осы. Тротуардың жоқтығынан жұрт жол жиегін жағалап жүреді. Оның үстіне қолайсыз жасалған қиылыстардан балалар арбасымен өту тіпті қиын. Сондықтан жаяу жүргіншілер судай сапырылысқан көліктердің қасынан өтуге мәжбүр. Бұл маңдағы үй тұрғындары үлкен трассаның шетімен жүру қауіпті екенін айтып, жаяужол жасауды талай рет сұрапты. Бірақ өтініштері ескерусіз қалған.
«Талай жылдан бері тротуардың азабын тартып келеміз. Мына шеттен жүру өте қауіпті, сондықтан жолдың арғы бетіне өтуге тура келеді. Балалар үшін алаңдаймыз», – дейді бір әйел тұрғын.
«Бұл жер өте қауіпті. Қазір ғана жол жиегімен келе жатыр едім, бір көлік қатты жүріп есімді шығарды. Қасымдағы арыққа құлап кетуге шақ қалдым», – дейді келесі бір ер азамат.
Тротуар төселмеген тағы бір аумақ Чайковский көшесінде анықталды. Мұнда да тұрғындар машина ағылып жатқан тас жолдың іргесімен жүреді. Болмаса қалың ағаш арасындағы соқпақ жолмен өтуді әдетке айналдырған.
«Біз қазір барлық көшелерді тексеріп, тротуары жоқтарын анықтап жатырмыз. Мұқанов, Чайковский және Шаймерденов көшелеріне биыл ұзындығы 3 шақырымға жуық жаяужол төсейміз. Пандустарды жөндеп, тұрғындарға ыңғайлы етіп береміз. Ал қалаға кейін қосылған аудандарда тротуар салу қиын болып тұр. Кезінде жалғыз аяқ жолға да орын қалдырмаған. Жалпы осы жылы ұзындығы 30 шақырым тротуар жөнделеді», – деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.
Алматылықтардың әлеуметтік желіге жиі жолдайтын шағымдары бүлінген тротуарлар мен тас жолға қатысты екен. Әсіресе шет ауданның тұрғындары жол азабын тартып отыр. Мәселен, «Шаңырақ 2» ақшамауданындағы тақтайдай тегіс көшені осыдан екі жыл бұрын коммуналшылар қопарып тастаған. Су құбырын жүргіземіз деп бір, кейін кәріз желісін тартамыз деп екінші рет тағы қазған. Алайда жұмыстарды бітірген соң мердігерлер төбе көрсетпепті. Олар жолдың астаң-кестеңін шығарып, жұртқа мән жайды түсіндірмей кеткен.
«Көше осылай астаң кестеңі шығып бұзылып жатыр қазір. Бұл технологияны түсінбеймін, басқа жерлердің технологиясы бойынша кесті ме, асфальттап кетуі керек еді ғой. Екі жылдан бері біресе қазады, біресе көмеді. Ешбір нәтижелі жұмыс жоқ», – деді күйінген бір тұрғын.
«Жол ойдым-ойдым болып жатыр. Қанша шырылдағанмен, бізді елеп жатқан ешкім жоқ», – деді тағы бір тұрғын.
Ал көлік жүргізушілері болса, машинаның асты күніне 4-5 рет соғылатынын айтып зар иледі.
Қала берді, көктем-күзде лай-батпаққа батып, әбден әбігерге түсетін бұл көшенің тұрғындары жаз болса, қара шаңға көміледі екен. Маңайдан бір көлік өтсе болды, топырақты көкке көтеріп барлығын ластайды.
Алатау ауданында осындай ой-шұқырлы жол көп болса, 250 көшеде бұрын-соңды асфальт төселмеген. Жол азабын Боралдай, Рахат, Мәдениет Алғабас және Теректі ықшамауданының тұрғындары тартуда.
«Биыл Алатау ауданындағы 14 ықшамауданға асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ондағы 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ал биыл тізімге кірмей қалған көшелерге тұрғындар тарапынан немесе жергілікті әкімдіктен өтініш түссе келесі жылы жөндеп береміз», – дейді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.
Биыл Алматыда ұзындығы 134 шақырымға созылған 144 көше жөндеу көреді деп жоспарланған. Мердігерлер қазір солардың жартысынан көбін асфальттап үлгеріпті. Ал қалған көшелердегі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін бітіреміз деп жанталасып жатыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, Рашит Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы