Алматыдағы ірі спорт нысандары жаппай қала әкімдігінің меншігіне өтіп жатыр

Алматыдағы ірі спорт нысандары жаппай қала әкімдігінің меншігіне өтіп жатыр
Мамандар кешендерді жаңғыртуға білек сыбана дайын отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мегаполистегі бірнеше спорт нысаны Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өтіп жатыр. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қалалық әкімдікке өтті. Ендігі кезекте Медеу мұз айдыны мен Сұңқар Халықаралық шаңғы-трамплиндер кешені тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұз айдыны өткен ғасырдан бері кіл мықтылар мен небір талантты жастардың талай дүбірлі додасына куә болып келеді. Алайда, жарты ғасырдан астам уақыт ішінде алаңның тозығы жетіп, кеңес кезінен қалған жарық шамдар әрең жанады. Көрермендер отыратын орындықтар да тозған. Соңғы рет аренаға осыдан 9 жыл бұрын жөндеу жұмыстары жасалған. Қазір спорт сарайының басшылығы күрделі жөндеу жүргізілсе деп отыр.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары объектіні ұстап тұру үшін түрлі іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастырып, қаржы табуға тура келген. Ал, мұндағылардың өз күштерімен  жөндеу жұмыстарын жүргізуге шамасы келмесі анық. Сондықтан спорт нысаны өткен жылы Алматы қаласының меншігіне өтті.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласы әкімдігінің спорт басқармасы нысанды жақсартып, техникалық жабдықтау үшін қаржылай инвестиция құюды жоспарлап отыр. Ал, әкімдікке өткенге дейін объектінің ұстап тұру үшін түрлі іс шаралар ұйымдастырып қаржы табуға тура келген. Ал, нысан Алматы қаласының меншігіне өткелі мұнда өтетін спорттық шаралар қатары арта түсті», – дейді Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы директорының орынбасары Анатолий ЛЕМЕНИ-МАКЕДОН.

Спорт басқармасындағылар спорт сарайында тек техникалық қана емес, құжат бойынша да олқылықтар жетеді дейді.  

«Қағаз жүзінде мұз айдыны мен автопаркингтің ғимараттары пайдалануға енгізілмеген болатын. Бұл жұмыстарды спорт кешенінің әкімшілігі қолға алуда. Енді маусым айында аталған мәселе толық реттеледі деп ойлаймын. Бұл жұмыстар 10 жылдан бері тоқтап тұрған еді», – дейді Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Рүстем БАЙСЕИТОВ.

Алматылықтардың сүйікті орны Медеу сенімді басқармаға осыдан 5 жыл бұрын берілді. Келісімшарт мерзімі қазан айында аяқталады, алайда, басқармадағылар келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу туралы шешім қабылдады. Жақын арада Медеу де әкімдіктің коммуналдық меншігіне өтеді.

«Жақын арада нысан қаланың коммуналдық меншігіне беріледі. Қысқы маусымға дайындық және біздің спорттық резерв бойынша нақты жұмыстар қолға алынады. Бұл жоспарларымызды қалалық құрылымдармен бірлесе отырып, маусым айынан бастап жүзеге асыра бастаймыз», – дейді Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы.

1960-жылдары шаңғышылардың Шымбұлақтан басқа жаттығатын жері болмаған. Себебі екінші «Сұңқар» шаңғы-трамплиндер кешені Алматыда 2010 жылы бір-ақ салынған. Трамплиндер кешені 10 жылдан бері қаланың меншігіне өтіпті. Алайда осы уақытқа дейін жаттығу трамплины мен биатлон-шаңғы трассасы коммуналдық меншікке алынбаған. Оған қоса құжаттары да дұрыс емес. Соның кесірінен спортшылар тек негізгі құрылымдарда ғана жаттығуға мәжбүр.

«Мұндай кешеннің тек қыста ғана емес жыл он екі ай бойы жұмыс істеуі аса маңызды. Біз зиплайн, джампинг және өтпелі көпір сынды аттракциондарымызды осы бағытта пайдалануға жұмыс істеп жатырмыз», – деді Алматы қаласы Спорттық нысандар дирекциясының басшысы Сергей АПЕНКО.

Жақын арада бұл нысандардың барлығы қала меншігіне өтпек. Содан кейін мамандар кешендерді дамыту мен жаңғырту жұмыстарына білек сыбана кірісеміз деп отыр.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров