Мамандар үйде жиһаздарды мейлінше терезедан алыс қоюға кеңес береді
Елімізде биыл 15 бала терезеден құлап, көз жұмды. Бұл – төтеншеліктер келтірген статистика. Құтқарушылардың айтуынша, қалада балалар арасындағы өлімнің көбі дәл осы биіктен құлағаннан тіркеледі екен. Оқыс оқиғаға әсіресе 2 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тап болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше Балқашта 1 жастағы сәби 2-қабаттан құлап, ауруханаға түсті. Ал Астанада маусым айында 3 жастағы бүлдіршін 9-қабаттан құлап, көз жұмды. Дәрігерлер «оқыс оқиға жыл сайын көбеймесе, азаймай тұр» деп дабыл қағуда. Биіктен құлап, аман қалғандардың өзі қайта қалпына келу үшін ұзақ уақыт керек.
– Бас, аяқ, қол, ішкі органдардың жарақаты. Ең бірінші көмекті маңызды органнан бастаймыз. Яғни, әуелі жан сақтау, сосын жағдайын жақсарту, – деді травматолог дәрігер Нұркен Бектенов.
Төтеншеліктердің айтуынша, тұрғын үйдің терезесінен құлау әсіресе қалада көп кездеседі. Ол түсінікті. Дегенмен мамандар бүлдіршіндерді үйде жалғыз қалдырмау керегін айтады. Балконнан даладағы қызыққа қараймын деп, орындыққа шығып, құлап жататын жағдай жиі кездесед. Сондықтан кішкентайларға ондай әдісті үйретпеген абзал. Оның үстіне, терезедегі торға да сенуге болмайды.
– 2022 жылы 123 жағдай тіркеліп, 10 қайғылы жағдай орын алды. Биыл 7 айда 93 жағдай тіркеліп, 15 қайғылы оқиға болды, – деді ҚР ТЖМ Департаментінің бас маманы Бексұлтан-Әли Рахымбаев.
Сақтансаң сақтайды. Мамандар үйде жиһаздарды мейлінше терезедан алыс қоюға кеңес береді. Сонымен қатар, терезеге бір қарыстан артық ашылмайтын арнайы құрылғы орнатқан дұрыс.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Азғындық: 5 жасар қыздың өлімінен кейін өңір тұрғындарын тексеру басталды