Көптеген қылмыстың алдын алды: Блок-бекеттегі курсанттар қызметінен босатылды

Алматыдағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары енді емтихан тапсырмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаланы айнала қоршаған блок-бекеттерде қызмет еткен әскерилер талай жанға қол ұшын созып, талай қылмыстың алдын алды. Мәселен, Алматыдағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары блок-бекеттерде қызметте жүрген кезде бірнеше заңбұзушылықтың үстінен түскен. Полиция және Ұлттық ұлан сарбаздарымен алдыңғы шепте жүрген курсанттар жұмысы туралы Almaty.tv тілшісі әңгімелейді.

Құрлық әскерлері әскери оқу институтының 4-курстағы курсанттары Қыдыр Әлібек пен Сыздық Бақдәулет блок-бекетте қызметте болған кезде ірі көлемде марихуана алып өтпек болған ер адамды ұстаған. Айтуларынша , «Алтын Орда»  базары маңындағы кезекшілікте қолында сөмкесі бар күдіктінің артына түскен. Қарсылық танытқанына қарамастан оны қуып жетіп, құрықтап, құзырлы орган өкілдеріне тапсырған.

«Мен жауынгерлік досым Қыдыр Әлібек екеуміз бізге міндеттелген тапсырманы орындай алдық деп санаймын. Егер біздің орнымызда басқа әскери қызметшілер болса да, әрқайсысы осындай батыл қадамға барар еді деп есептеймін», - дейді Құрлық әскерлері әскери институтының курсанты Сыздық БАҚДӘУЛЕТ.

«Тапсырманы орындау барысында бір үйдің аумағынан белгісіз бір азаматты қолға түсірдік. Ол кісі бізді көре сала пакетті үйдің төбесіне жасырып, өзі қашып кетпек болды. Пакетті қарағанымызда, ішінен есірткіге ұқсас зат табылды. Дереу шара қолданып, жақын маңдағы полиция бекетіне апарып, ІІМ өкілдеріне тапсырдық», - дейді Құрлық әскерлері әскери институтының тағы бір курсанты Қыдыр ӘЛІБЕК.

Осы оқу орнының курсанты Мейрамбек Найсекенов те өз-өзіне қол жұмсамақ болған бойтжеткеннің өміріне араша түскен. Кезекшілік кезінде көпірден секірмек болған қызды байқап қалған ол дереу құтқаруға әрекет жасапты. Нәтижесінде, қызды райынан қайтарып, психологиялық қолдау көрсеткен. Осы ерлігі үшін ол Қорғаныс министрлігінің 2-дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

«Болған оқиғаны командирлеріме баяндап, Ішкі істер министрлігінің өкілдеріне тапсырдым. Әрине, бұл менің қызметтік те, азаматтық та парызым болып табылады. Менің орнымда кез келген адам солай әрекет етер еді», - дейді Құрлық әскерлері әскери институтының курсанты Мейрамбек НАЙСЕКЕНОВ.

«Менің ротамның курсанттары осы әскери тапсырманы мүлтіксіз орындағанына қуаныштымын. Командир ретінде өз курсанттарымды мақтан тұтамын. Төрт жыл бойы тәрбие беріп, соның жемісін жеп отырмыз», - деді Құрлық әскерлері әскери институтының рота командирі Олжас ӨЛМЕСЕКОВ.

Қазіргі таңда бұл курсанттардың барлығы қызметтерінен босатылды, өйткені алда маңызды емтихан бар. Емтиханды ойдағыдай тапсырса, бір жарым айдан кейін лейтенант шенін алып, ел тыныштығы үшін қызмет етпек.

Қуан Нұрақын, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров