Банк алдында берешегі үшін жеке сот орындаушылары шотын бұғаттап, еңбекақысының жартысын ұстап қалу шешімін шығарған
Жалғызбасты әкенің жанайқайы. Елордада 3 баланы бір өзі тәрбиелеп отырған азамат далада қалуы мүмкін. Банк алдында берешегі болғаны үшін жеке сот орындаушылары шоттарын бұғаттап, еңбекақысының жартысын ұстап қалу шешімін шығарған. Пәтер жалдап тұратындықтан енді айлығы шайлығына жетпей, шарасыз күйде отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Саят Ағзамов – үш баланы өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке. Осыдан 7 жыл бұрын жары ауыр сырқаттан көз жұмған. Ең кенжесі ол кезде 4 жаста ғана болыпты. Содан бері балаларын асырау үшін жар құлағы жастыққа тимей, бірнеше жұмыс істеп жүр. Басында баспанасы да жоқ. Банктен алған несиесін де төлей алмай, сот орындаушылары шайлығына жетпейтін айлығының 50 пайызын ұстап қалу жөнінде жұмыс орнына соттың атқару парағын жіберіпті.
«Осы қаладағы мекенжай бойынша бір-екі күнде сот орындаушыға барамын. Ол кісі менің қазіргі жұмыс орнымды біліп, тағы да 50 пайыз ұстап отыратындай арыз жазам деп маған түсіндірме берді. Егер ұстап қалатын болса, қалай пәтер жалдаймын, қалай күнімді көремін», – деді қала тұрғыны Саят Ағзамов.
Саят 2018 жылдан бастап банк алдындағы қарызын өтей алмай қалған. Алайда қаржы мекемесі 10 ай бойы жалақысынан ақша ұстап отырған. Ол кезде де жеке сот орындаушылары ешқандай ескертусіз сыртынан шешім қабылдағанын айтады. Тіпті, балаларына мемлекет тарапынан беретін жәрдемақы шотын да бұғаттап тастаған. Бұл жолы да сондай проблема болған соң, жеке сот орындаушысын өз күшімен тауып, іздеп бардым деп отыр.
«Сот орындаушысы маған ескерткен жоқ. Жұмыс орны мен өзін алдында ғана көрдім», – деді қала тұрғыны Саят Ағзамов.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы жеке сот орындаушылар палатасы оған алдын ала ескерту хабарламасын ұялы телефонына жібергендерін алға тартты. Сөздерінше, борышкер 4 жыл бойы несиесі барын біле тұра банк немесе құзырлы органдардан жазбаша түрде көмек сұрамаған. Мәселесіне мән бермей жүріп, уақыт өткізіп алғандықтан енді нотариалдық жазбаны өзгерту мүмкін емес дейді.
«Бұл жерде борышкеріміз, өзінің проблемасын сот орындаушылар арқылы шешпекші. Заң бойынша борышкер ол проблеманы өзі шешуі керек. Яғни берешек қарызы болса төлеу керек. Борышкердің қарызы кеше немесе алдын күні пайда болған қарыз емес, бұл 2018 жылы нотариалдық жазба арқылы шыққан қарыз. Өкінішке қарай, 4 жыл болды, бұл нотариалдық жазбаның күшін жою заң жүзінде негіз де жоқ», – деді Жеке сот орындаушыларының өңірлік палата басшысының орынбасары Айбын Өтегенов.
Ал қоғам белсендісі Марат Башимов жеке сот орындаушылары орындайтын істерді бұрынғыдай мемлекеттік органдарға беру керек деп санайды.«Мен ондай істерді мемлекетке қайтару керек деп ойлаймын. Жеке сот орындаушылары алдымен өздерінің пайыздары үшін жұмыс істеп кеткендей ой қалдырады. Кейбір жағдайда заң тұрғысынан ғана емес, гуманизм тұрғысынан да ойлау керек. Қиналған адамды одан сайын қинамай, одан шығу жолын көрсету керек деп санаймын», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Башимов.
Қазір Саяттың банк алдындағы қарызы 880 мың теңге. Оған жеке сот орындаушының қызметінің ақысын қосқанда 1 млн 200 мыңға жуықтаған. Алайда біз іске араласқан соң жеке сот орындаушысы отбасының жағдайын түсініп, өзінің қызметі үшін ақы алмайтынына уәде берді. Сонымен қатар, мәселесін жеңілдету үшін заң аясында барынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.Асылбек Тойбек, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы