Халық санағы қағазсыз жүргізіледі. Үкімет басшысы Асқар Мамин санақ процесін автоматтандырып, цифрлық технологияларды қолдану жоспарланып отырғанын айтты. Бұл мәліметтерді жедел жинауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік бермек. Ал, Ұлттық санақ кезінде қазақстандықтар Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасын пайдаланады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: 45 күн бойы sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауал салуды жүргізу және электронды планшет пайдаланып интервьюерлер дәстүрлі жаппай сауалнама жүргізеді. Оған қоса Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек egov.kz электронды үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сілтемесі бар. Сол сілтеме бойынша өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.
Бұдан бөлек, тұрғындар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өте алады. Осылайша халық санағы 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазан аралығында онлайн режимде және 1--і мен 30 қазан аралығында планшеттерде өтеді. Шетелде білім алып жатқан, қызмет етіп жүрген, саяхаттап барған қазақстандықтар да қамтылады. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген немесе пана іздеген қоныс аударушылар, сондай-ақ 12 айдан аз, уақытша елде жүрген шетелдіктер де санаққа алынады. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин санаққа сылбыр дайындалып жатқан өңірлерді атады.
«Жалпы санақ өткізілетін уақытта 32 мың адам жұмысқа алынады. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жұмысты дұрыс жолға қойған. Алғ Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің жұмыс қарқыны жеткіліксіз. Өңірлердің әкімдері халық санағына дайындық барысын жеке бақылауға алсын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.