Қосшы қаласының тұрғындары неліктен жылусыз отыр

04.12.2023 23:56

Тұрғындардың айтуынша, электр энергиясы екі күннің бірінде өшіп қалады

Almaty.tv

Қақаған қыста жылуға жарымай, жарықсыз отырған, тіршілік нәрінен тарыққан бұқара базынасын кімге айтарын білмей дал. Астана іргесінде тұрса да, «Лесная поляна» шағынауданының тұрмысы оңалмай келеді. Жеті жылдан бері жетім баланың күйін кешкен тұрғындар талабын айта-айта шаршаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Келбеті келісті көрінген бұл үйлердің іші келіспей тұр. Өткен 1 жарым тәулікте тұрғындар бүрсең қағып жылусыз отырған. Түн жарымда өшкен жылу ертесі тағы болмаған көрінеді. Әбден берекесі қашқан халық қосымша құрылғылармен амалдаған.

– Бір күн бойы жылу болған жоқ. Ауырып қалдық. Зейнеткер, ауру кісілер, мүгедектер бар. Биыл 30 қыркүйекте Қосшы қаласының әкіміне мәселені айттық. Әлі күнге шешілмей келеді. Қыс жаңа басталды. Алдымызда қанша аяз, боран бар, – деді Қосшы қаласының тұрғыны Жазира Қожанқызы.

Әлегі көп халық әкімдіктің әрекетсіздігінен әбден шаршағанын айтты. Олар жарық пен судан да тарығып отырған көрінеді. Электр энергиясы екі күннің бірінде өшіп қалады. Күні бойына сусыз отыруына тура келеді. Әкімдіктегілер жылудың мәселесін шештік деп сендірді.

– Жылу 100 пайыз берілді деуге болмайды. Өйткені ол жел генераторымен 80 пайыздай беріліп тұрады, – деді Қосшы қалалық орталық жылыту қазандық басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Шоқан Ибраев.

Қосшы қала мәртебесін алғалы 2 жыл болды. «Лесная поляна» – шаһар құрамындағы шағынаудан. Қазір 55 мыңнан астам тұрғын тұрады. Дені – қаладан қатынап жұмыс істейтіндер. Халық ретке келтіріп берсе деген тізімде қоғамдық көліктің мәселесі де бар.  

Қосшы қаласына қарайтын шағынауданға ауадай қажет боп тұрған тағы бір дүние – автобус. Тұрғындар қоғамдық көліктің жетпейтініне наразы. Әсіресе таңертең және кешкі уақытта сағаттап күтеді.

Шағынауданға 24 қоғамдық көлік бөлінген. Оның екеуі жуырда желіге қосылды. Әкімдік мамандары автобуспен қиындық жоқ екенін айтты. Таңертен, кешқұрым халықтың сағаттап күтіп қалу жағдайын қаладағы кептеліс мәселесімен байланыстырды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Ақмола облысы

Оқи отырыңыз: ШҚО-да жол апатынан екі адам қаза тапты