Биыл балалар жылы басталғалы бері 69 ауқымды іс-шара өткізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәдениет және спорт министрлігі «Ұлағатты ұрпақ», «Таланттар арамызда», «Мейірім» фестивалі сынды жобаларды жүзеге асырып, 1 миллионнан астам бөбек осы бағдарламаларға қатысты деп отыр.
Мәдениет және спорт министрлігі балалар жылында қолға алынған жобалардың барлығы жүзеге асырылды дейді. Бағдарлама аясында 1 млн-нан астам бала қамтылған екен. Оның ішінде республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени білім беру онлайн жобасы бар. Бүгінде ол сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізілуде. Осы күні қаралым саны 2 млн-нан асыпты.
«Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» веб-сайты жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам кітапты сайтқа орналастырдық. Сонымен қатар, ерекше қабілеті бар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға арналған «Таланттар арамызда» республикалық көрме фестивалін өткіздік. Оған 250-ден астам бала қатысты», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Мәдениет министрлігінің ақпарына сай, атқарылған істер ауқымды. Алайда ведомстваның мұрындық болуымен жыл бойы жасалған шараларды халықтың бірі білсе, бірі білмейді екен.
Балалар жылында жақсы есте қалған «Артспорт» жобасы еді. Бағдарлама арқылы миллиондаған бөбек қалаған үйірмесіне қатысып, өзінің бойындағы өнерін ашқан болатын. Алайда платформа соңғы кездері тоқтап, қаржыландыру жергілікті бюджеттен берілетін болды.
«Қазіргі таңда биылдың өзінде кейбір қаржы жетіспеу мәселелеріне байланысты Үкімет тарапынан да «Артспорт» бағдарламасына қаржы бөлініп отыр. Болашақта әр өңір өзінің тиісті жұмыстарын бюджеттік жоспарлау кезінде нақты есебін жобалайды деген сенімдеміз», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов
Қысқасы биыл балалар жылында олар музейге тегін кірді, тегін саяхаттады, тегін кино көрді. Түрлі фестивальдер мен байқаулар ұйымдастырылды. Мәдениет және спорт министрлігінің айтуынша, балаларды қолдап, дамыту бір жылды арнаумен шектелмейді. Ары қарайда балаларға қажетті контенттер көбейіп, түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы