Алматы әуежайындағы жаңа терминал 200 мыңнан аса жолаушыға қызмет көрсетті

25.06.2024 23:57

Жоғары талаптарға сай салынған ғимарат 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алады

Almaty.tv

Алматы әуежайындағы жаңа халықаралық терминал күнделікті 16 мың жолаушыға қызмет көрсетіп отыр. Жаз басында ашылған нысанда жұмыс қызу. Дей тұрғанмен, жаңа салынған ғимаратқа тез арада көшу бірқатар мәселенің туындауына себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа халықаралық терминалды іске қосу бастапқыда жаздың соңына жоспарланған еді. Дегенмен жолаушылар ағынының қарқынды өсуіне байланысты барлық жұмыс жеделдетіліп, нысан мерзімінен бұрын қолданысқа беріліп, рейстерді қабылдай бастады. Ал уақытша қолайсыздықтардың туындауына мұндағы жөндеу жұмыстары кедергі келтірген.

– Әлемдік тәжірибе жұмыс істеп тұрған терминалдан жаңасына көшу, екеуін қатар жүргізудің қиын екенін көрсетті. Еуропа елдерінде бұл 4-5 жылға дейін созыған. Біз 2 жылда жасай алдық. Жолаушылар мен олардың жүгін қабылдау технологиялары әлі орнатылып жатыр. Жақын уақытта мұндағы мәселелер шешіледі, – деді  «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Гокер Косе.

Құрылыс кезінде озық әдістерді қолдану арқылы ресурсты тиімді пайдаланудың халықаралық тәжірибесі енгізілген. Әуежайда сондай-ақ ескі терминалды қайта жөндеу, автотұрақ аймағын жаңартып, кеңейту сынды стратегиялық бастамалар қолға алынған. Нәтижесінде жаңа нысан ашылғанға дейін ішкі рейстер терминалының өткізу қабілеті жылына 850 мың адам болса, енді  5 миллионға дейін артады. Жоғары талаптарға сай салынған ғимарат 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алады.

– Шаруа рет-ретімен жүргізіліп жатыр. Бастысы жаңа терминалдағы ұшу-қону ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Әуежай аймағындағы коммерциялық орындардың ашылуы біртіндеп жүріп жатыр. Қолданыстағы терминалды жаңартуды ескерсек, әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 14 миллион жолаушыға дейін артады, – деді  «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ Сыртқы байланыстар жөніндегі вице-президенті Дәурен Қабиев.

Жаңа терминал ашылғалы 1500 халықаралық рейспен 200 мыңнан аса жолаушыға қызмет көрсетілген. Соңғы үлгідегі технологиялармен қамтылған нысанда автоматтандырылған жүйе де енгізілген.

Айта кетейік, жаңа терминалдың ұшу аймағында 20, келу аймағында 32 кабина мен ел азаматтары үшін өткізу жүйесі бойынша цифрлық 4 жабдық орнатылған. Сондай-ақ жүк терминалында да автоматтандыру бағдарламасын орнату аяқталуға жақын қалған. Жыл соңына дейін жүктерді сақтау алаңын 10 пайызға, арнайы жүктерді сақтау алаңын 30 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр.

Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 43 жыл бұрын салынған құбыр жаңғыртылып жатыр