Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев өңірге іссапары барысында мәлімдеді
Жыл соңына дейін жұртшылық көптен күткен Алматы-Өскемен тасжолы толық қолданысқа беріледі. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев өңірге іссапары барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Талдықорған-Қалбатау-Өскемен тасжолын тақтайдай тегіс ету үшін жұмысшылар күні-түні еңбек етуде. Еліміздің Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстыратын трассаның жалпы ұзындығы - 768 шақырым. Қазір Жетісу облысына қарасты аумақта ескі жолды жөндеу, қайта жаңғырту және абаттандыру жұмысы қарынды жүріп жатыр.
– Жол жөнделіп жатыр. Жұмысшылар қарқынды жұмыс істеп жатыр, – деді жолаушы Айман Дусарова.
– 100 пайыз өзгерген, жылдан-жылға жақсарып келе жатыр. Демалып келе жатырмыз. Таңғы сағат 8:30-да шықтық, қазір сағат 14:38 болды, тез жеттік, асықпай, тамағымызды жеп, демалып келдік, – деді жүргізуші Архат Советұлы.
Тасжолдың 16 учаскесінде 1 мыңға жуық маман мен 600 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жетісу облысындағы жөндеу мен жаңартудың аяқталуына 45 шақырым ғана қалды. Жолдың бойын абаттандыру керек. Жобада 10 санитарлық торап салу көзделген, оның төртеуі қолданыста.
Жол – тіршіліктің күретамыры. Алматы-Өскемен тасжолының 268 шақырымы жасалып бітті. Айта кетейік, бұл тасжол 3 қабат асфальт-бетоннан тұрады.
– Жоба аясында көптеген ауқымды жұмыс орындалды. Ескі жолды бұздық. Жоба аясында 3 қабат асфальт-бетон қарастырылған. Қазіргі таңда үшінші қабат жабындысын салып жатырмыз. Жоба аясында жол пайдалану бекеті, тораптары жасалады, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің басшысы Ринат Қабышев.
Көлік министрі Марат Қарабаев жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалап, мердігерлермен кездесу үшін арнайы іссапармен Жетісу облысын аралады. Министр республикалық маңызы бар тасжолдың жыл соңына дейін қолданысқа берілетінін айтты. Сондай-ақ ведомство басшысы өңірдегі туризмнің дамуын тілге тиек етіп, маңызды жобалардың басталатынын мәлімдеді.
– Биылғы жоспар бойынша 768 шақырым тасжол жөнделеді. Екі туристік нысанға тоқталып өттік. Балқаштағы аэровокзал жаңғыртылып, кеңейтіледі және Үшаралда жаңа аэровокзал саламыз деп жоспарлап отырмыз. Балқаштағы құрылыс биыл басталады, ал Үшаралдағы нысанның құжаттамасын дайындап, келер жылы мердігерді анықтаймыз, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Көлік министрілігінің мәліметінше, жыл соңына дейін Астана-Алматы, Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Қандыағаш тасжолдарындағы жөндеу, құрылыс, жаңарту жұмыстары толық аяқталып, қолданысқа беріледі.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Таразда жағажайдағы демалыс орны ақылы болмақ