Алматыда қаңтарда қаза тапқан курсанттардың отбасына пәтер кілті берілді

Almaty.tv
Almaty.tv
ҰҚК Шекара академиясында 5 адам көз жұмды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан 3 курсанттың отбасына пәтер кілті берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар өздері оқыған ҰҚК Шекара академиясының ғимаратын күзетіп тұрған кезде оққа ұшқан еді. Оқуын бітірген соң ел шебін қорғауды арман еткен батыр ұлдар бұған дейін Президенттің Жарлығымен үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. 22 жастағы Жайық бір отбасының жалғыз ұлы екен. Пәтер кілтін алуға бүгін әкесі мен қарындасы Жаркент қаласынан арнайы келді.

«Жайығымыз Отан алдындағы борышын өтеу жолында ерлік көрсетіп кетті. Отанын қорғаймын деп қаза тапты. Сіздерге рақмет. Қалған жауынгерлеріміз, халқымыз аман болсын. Жақсы заманда өмір сүрейік», – деді марқұм Ж. Әділханның әкесі  Угылхан Ереншиев.

Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК Шекара академиясында 5 адам көз жұмған. Оның үшеуі курсант болса, қалғаны аға офицер, капитан Жандос Жағалбаев пен полковник Андрей Кабдинов. Мейірхан Бітімнің жасы небәрі 19-да. Маңғыстау облысының тумасы өткен жылы мектебін аяқтай салысымен әскери саланы таңдап Алматыға оқуға келген. Ұлының қазасы ауыр тисе де қасқөйлерге тойтарыс берген ерлігін әкесі жастарға үлгі қылды.

«Ел басына қиын жағдай туған кезде алдыңғы шепте болды. Нағыз ер екендерін көрсетті. Артындағы бауырлары аман болсын. Академияда оқитын басқа да курстанттарға денсаулық тілеймін. Отбасымыздағы осындай ауыр қазадан кейін елеусіз қалдырмаған Үкімет басшылығына алғыс айтамын», – деді марқұм М. Бітімнің әкесі Ержан Кезбаев.

Новости партнеров