Ақтауда алғаш рет баспана жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңкеге 13 компания қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шараға жиырмадан астам жергілікті құрылыс компанияcы мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сауда орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеде дүйім ел көптен бері көкейде жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Оған қоса, қолданысқа берілгелі отырған тұрғын үй кешендерімен таныстырып, пәтер сатып алудың жолдарымен таныстырды.

Ақтау тұрғыны Кенжебек Сержанұлы көптен бері баспана алуды ойластырып жүр. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін ол көңілдегі пәтерді арзан бағаға, тиімді ұсыныспен алуды қалайды. Тек ол үшін табаннан таусылып, қаланы аралау қажет дейді. Оған қоса, тұрғын үй кешендеріне барып, әр нысанды асықпай қарау керек. Бүгін жұмысбасты азамат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұйымдастырған жәрмеңкеден көп сауалға жауап алды. Сөзінше, ұтымды ұсыныстар жайлы осы шарадан білдім деп отыр.

«Дана қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген әдемі бір сөз бар. Міне, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өткізіп жатқан акциясы жалпыреспубликалық болсын, жалпыхалықтық акция болсын ол тұрғындарға аз да болса ақпаратпен қамтиды. Жас отбасыларға, әлеуметтік топтағы азаматтарға көптеген жеңілдіктер болады», – деді Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ.

Ақтауда алғаш рет өткен жәрмеңкеге 13 компания қатысса керек.  Қаланың әр бөлігінде орналасқан тұрғын үй кешендерін бір сауда орталығына жинаған шарада іздегенді тауып, сұраққа жауап алуға болады. Осылайша, шара халықтың уақытын үнемдеп, алдағы жоспарын шегелеуге сеп болды. Жәрмеңке нәтижелі болды деген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алдағы уақытта да шараны тұрақты түрде өткізіп тұрмақ.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде халыққа ұсынатын көптеген бағдарламаларымыз бар. Биыл жылына 2 пайызбен несие беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іс қосылды. Өте тиімді дейтін едім. Мәселен, 5 пайызбен несие беретін «Нұрлы жер» бағдарламасы бар. Басты міндет – халыққа ақшаны үнемдеп, жинауды үйрету. Кейін арзан бағамен несие алып, армандаған баспанаға қол жеткізсе болады», – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Маңғыстау облысы бойынша директоры Медет АБУҒАЛИЕВ.

Аймақтағы барлық қаржы ұйымдары мен тұрғын үй салатын компаниялардың өкілдері де осы жәрмеңкеде жүр. Келесі жолы олардың саны одан да көп болады деп сенеді ұйымдастырушылар.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров