Қазір мемлекеттік қызметте үлкен өрлеу бар. Алматылық студенттердің көбі осындай пікірде. Бүгін «Жастарға деген мемлекеттік қызметтің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өткен кездесуге қаламыздағы 30-ға жуық ЖОО-ның студенттері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оларға аталмыш қызметтің тиімді тұстары түсіндіріліп, мемлекеттік қызметке тұру жолдары мен бұл қызметтің артықшылықтары айтылды. Өз кезегінде сөз алған жастар да бүгінде мемлекеттік қызметтің тиімді екенін тілге тиек етті.
Айта кетейік, шараны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен «Саналы Ұрпақ» жобалық кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған.
«Мемлекеттік қызметке барсақ, қазір бізге үлкен мүмкіндіктер беріледі. бұл бізге несімен тиімді? Біріншіден, қазір мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеріп жатыр. Екіншіден, мемлекеттік қызметке бару арқылы тұлға ретінде, маман ретінде дамимыз», – дейді студент Мадина ӘШІМОВА
«Қазіргі таңда жоғары білімі бар жастардың мемлекеттік қызметке келуіне зор мүмкіндіктері бар. Себебі бұрын ол үшін жұмыс өтілі талап етілетін болса, қазіргі таңда ЖОО бітіре салған түлектерді қабылдай береді», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Мадияр АЛБАНБЕКОВ.