Елдің солтүстігінде су тапшылығы мәселесі ушығып тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыс орталығынан 10 шақырым жерде орналасқан Бескөл ауылының тұрғындары судан тарықтық деп шағым айтты. «Бір аптаға жуық сусыз отырғанымыз аздай, енді берілгенде су баяу ағады және сапасы нашар» деп көпшілік наразылық білдірді. Туындаған түйткілге қатысты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі орынбасарына ескерту жасап, 4 аудан әкіміне сөгіс жариялады.
Бескөлдегі су тапшылығы әсіресе, елдімекеннің оңтүстік-шығысында қатты байқалады. Бірнеше күн бұрын тұрғындарға су беріле бастаған. Бірақ оның өзі баяу ағады деп, жұрт қиналғанын жеткізді. Су келді дегенді ести сала халық ыдыс-табағын дайындап, толтырып алуға тырысады екен. Ал бұл уақытта жұмыста болғандары оны алып та үлгермейді. Ауылға 6 жыл бұрын көшіп келген Сексембаевтар отбасы тіршілік нәрінен тарыққанын айтып шағымданды.
«6 күн болды, су жоқ. Instagram-да да, әлеуметтік желілерде де су болмайды деген хабарлама болған жоқ. Ұлымның көлікпен жүргені қандай жақсы болды, күн сайын қалаға барып, жолдан 5 бөтелке су сатып алады. Үнемдеп ішіп жатырмыз», – дейді облыс тұрғыны Есімбай Сексембаев.
Ал Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары мұндай жағдай бүкіл облыста бар дейді. Мәселенің алдын алу жұмыстары жүріп жатқанымен, судың қашан берілетіні әлі белгісіз. Жауаптылар бұл жағдайды жаз мезгілінде шектен тыс сұраныстың көбеюімен байланыстырды.
«Түнгі уақытта қысқы нормативпен 17 текше метр су пайдаланылса, бүгінгі күні түнгі сағат 02:00-де тек орталықта 102 текше метр су пайдаланылды. Суды түнде 6,6 жарым есе көп тұтынады. Ал күндіз ол 15 еседен асады», – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шәкубаев.
Облыс әкімі бірнеше күн ішінде су тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды. Шағымдардың көбейіп жатқанына қатысты Айдарбек Сапаров өзінің орынбасарына ескерту жасап, сумен қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік ететін 4 аудан әкімі мен олардың орынбасарына сөгіс жариялады.
«Сәтжан Әйтенұлы, Петропавл «Есіл су», «Қызылжар су», сондай-ақ, барлық аудан әкімдеріне 3 күн ішінде халықты ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бүгін жиналыңыз! Іс-шаралар жоспарын, жол картасын жасаңыз! Халықты сумен қамтамасыз ету керек! Облыс әкімдігіне азаматтардың өтініші түспеуі керек! Оларды жергілікті жерлерде аудан әкімдері шешуі тиіс», – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Бескөл ауылында 15 мыңға жуық адам тұрады. 4100 үй ғана орталықтандырылған таза ауыз суға қосылған. Солтүстік Қазақстан облысында 415 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған. Ал 220 елдімекен әлі күнге дейін тіршілік нәрінсіз отыр. 2023 жылы сумен жабдықтауға және су бұруға өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп қаражат қарастырылған. Биыл бұл қаржы 18 млрд теңгені құрап отыр.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Астанадағы су тапшылығының мәселесі қашан шешіледі