|
27.05.2024 | 19:42
2580

Жазасы ауыр «жұмыс»: заңсыз әрекет жасаған 4 наркозертхана жойылды

Биыл тәртіп сақшылары 140 келіден астам зиянды зат тәркіледі

Жазасы ауыр «жұмыс»: заңсыз әрекет жасаған 4 наркозертхана жойылды Фото: elements.envato.com

Алматыда ай сайын 10-ға жуық есірткі саудасына қатысты қылмыстық іс қаралады. Осылай деп хабарлаған жауапты мамандар, әсіресе соңғы кездері жастардың бұл қылмысқа көптеп баратынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тасада тығылып не болмаса тұрғын үйлердің ауласынан әлдебіреулердің есірткі іздегенін көру, көрер көзге үйреншікті бола бастады. Себебі жеңіл ақша тапқысы келетіндер синтетикалық заттарды қараша халық жүретін орындарға да қойып кетеді. Басын қатерге тіккендердің басым бөлігі ғаламтор немесе әлеуметтік желі арқылы түрлі жарнамаларға сеніп, оңай жұмысқа кірісе кетеді. Құзырлы орган өкілдері «жазаның тым ауырлығын темір торға түскенде бір-ақ сезінеді» дейді.

– Қазіргі таңда азаматтар кем дегенде 10 жылға бас бостандығынан айырылып жатыр. Олар – көбінесе жастар. Білместікпен жұмыс іздеп, араңдап қалғандар. Бірақ заңды білмегендер заңды жауапкершіліктен босатылмайды. Кешірім жоқ, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Биыл тәртіп сақшылары 140 келіден астам зиянды зат тәркілесе, соның 11 келісі синтетикалық есірткі болып шыққан. Ал оның жолын толықтай кесу мүмкін емес. Себебі жастарды жұмысқа итермелеген басшылары көбіне шетелдерде отырады. Ал құрамында химиялық қоспалары бар есірткілерді осы жақта даярлайтын көрінеді. Заңсыз әрекет жасаған 4 наркозертхана анықталып, жойылған.  

– Мефедрон химиялық процеспен дайындалады. Одан кейін гашиш екінші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 100 адам сотты болған, яғни есірткі заттарын заңсыз сатқан. Ал биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 24 адамға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, – деді қалалық прокуратура басқармасының аға прокуроры Дінмұхамед Маханбетқұл.

Есірткіні жасырған да, оны пайдаланған азаматтар да жазаға тартылады. Елімізде нашақорлық дерті белең алып бара жатқандықтан, заңды күшейту жұмыстары да қолға алына бастаған.

– Қазақстан транзит ел емес, есірткі өндіруші елге айналып бара жатқандай. Мәжілісте жаңа заң қарастырылып жатыр. Осы бірінші оқылымнан өтті. Бұл заң бойынша қатаң жаза көбейіп жатыр, – деді қайырымдылық қорының жетекшісі Тоғжан Қожалы.

Осы уақытқа дейін жауапты қызметкерлер есірткі саудасымен айналысқан 350-ден аса ресурсты бұғаттап, 1400-ге жуық жарнама жазуы бар орынды анықтап, жойған. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» демекші, мамандар жастарға жеңіл ақша табамын деп, ауыр жаза арқалап кетпеуге кеңес береді.

Бауыржан Жақсымбет, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түрмеге тыйым салынған заттарды алып кірмек болғандар ұсталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир