Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері, профессор Асанәлі Әшімов жуырда Бішкек қаласында өткен Қазақстанның мәдениет пен өнер күндері аясында әлемдік кинематографияның дамуына қосқан зор үлесі үшін Қырғыз Республикасының «Ақ Ілбіріс» (Белый Илбирис) ұлттық кино сыйлығына ие болды. Сонымен қатар Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері атанды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Facebook парақшасында режиссер Асхат Маемиров жазды.
«Сонау алпысыншы жылдардың басында қазақ театр және кино кеңістігіне «жанартау» болып келген Асанәлі Әшімов – ұлт өнеріндегі шын мағынасындағы «құбылысқа» айналды.
Актерлік өнердің көркемдік деңгейінің биіктеуіне айрықша еңбек сіңірген сахнагер, қазақ театры мен кино өнерінде философиялық таным мен тағылым қалыптастырды.
Асанәлі Әшімов – ұлттық сахна мен кино өнерінің көкжиегін кеңейтіп әлемдік аренаға шығаруға ат салысқан ерекше дарын иесі. Сондықтан Асанәлі аға жасаған образдар галериясы - ұлт құндылығы. Батыс пен Шығыс классиктерінің драматургиясын жатсынбай, кәсіби биік тұрғыда меңгере білді.
Ал қазақ классикасының заңғар шыңдары – М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С. Мұқанов, Ә. Нұрпейісов, Ш. Айтматовтардың драматургиясындағы кейіпкерлер бойындағы ұлт мұраты мен мүддесiн өзінің өміршең болмыс-бітімімен өрнектеді. Ал кино өнеріндегі Асанәлі Әшімов жасаған «Бекежан» образы – қазақ рухының хрестоматиясы. Аңғал батырдың болмысын халық жүрегіне шынайы жеткізе білген, актер даналығының, даралығының сыры да - осында! Содан ба екен, қазақ өнері мен Әшімов – егіз ұғым.
Асанәлі Әшімовтің суреткерлік болмысының екінші бір биік қыры – режиссерлігі. Иә, режиссер ретінде кино тілімен Шоқанның асқақ арманын, үркер үмітін, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен актер, әрі тұлпардың тұяғы Сағи Әшімовтің бейнесі арқылы жеткізсе, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» - «Қазақфильмнің» алтын қорына айналды. Ал қазақ сахналарында театр режиссері ретінде классикалық дүниелерді өзіндік қолтаңбасымен сөйлете білді. Еліміздегі театр педагогикасында, Асанәлі ағамыздың ұстаз ретінде қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар. Асанәлі Әшімов шығармашылығы – «ұлт» ұғымының тереңіне бойлатады. Театр мен кинода сомдаған Асанәлі ағамыздың бейнелері – өз көрерменіне қанат бітіріп, «жанам» деген жүректерге от береді. Бойыңдағы «ұлттық рухты» биіктетеді. Бекежан, Қасымхан, Атаман Шадияровтар бейнесі – намысыңды маздатып, әділдік пен шындықтың туын желбіретеді.
Асағаң – қазақ өнерінің асқақ шыңды Алатауы. Асанәлі Әшімов шыңы - ешқашан аласармайды!» – деп жазды ол.