Істі құзырлы органдар тексеріп жатыр
Атыраудағы мектептердің бірінен шу шықты. Білім ошағына жиналған ата-аналар жоғары сынып оқушылары бастауышта оқитындарды ұрып-соғып, ақша жинайды деп шағымданды. Одан сорақысы сол жеткіншектерге күштеп бас айналдыратын ұнтақтар иіскетеді екен. Осы уақытқа дейін полицияға арыз жазған үш ата-ананың бірі шағымын кері алыпты. Қазір бұл істі құзырлы органдар тексеріп жатыр.
Бұл – Атырау қаласы Ақсай ауылындағы № 25 мектеп оқушыларының ата-аналары. Олар 9- сынып оқушылары 4-сыныпта оқитын балаларға қоқан-лоқы көрсетіп, ақша алатынын алға тартты. Ол аздай, бас айналдыратын улы зат беретін көрінеді. Айгерім Ботағалиева баласының мектептен бірнеше рет денсаулығы нашарлап келгенін байқағанын айтады. Бастапқыда бұған аса мән бере қоймаған ана ұлының телефонын көргенде ғана жағдайды толық түсініп, шошыған.
«Көзі аларып келеді. «Мама үй айналып барады» дейді. Ол екінші жағдай. Мен салқын тиген шығар деп, дәрісін беріп, тұрғызып жібердім. Ойыма да келген жоқ. Кеше тағы «мама басым айналып барады, үй айналдып барады, жүрегім айнып барады» деп, құлауға дейін барды. Сосын төсегін салып беріп, жатқызып тастаймын. Сол кезде бала ватсап қосады. Сонда «Бердіқожа ертең 4 мың әкел, ағалар келеді ғой, ертең бізді өлтіреді ғой» деген хабарламаны оқып, шошимын да, баладан телефонын тартып аламын», – деді ата-ана Айгерім Ботағалиева.
Бұл жағдайдан кейін ата-аналар бір-біріне хабарласып, мән-жайды анықтай бастапты. Балаларын сұрақтың астына алған. Олар 9-сыныптың оқушылары ұрып-соғатынын, ақша талап етіп, пышақпен қорқытатынын айтқан. Тіпті қағазға оралған белгісіз ұнтақ жасыратын жерге апарып, қолдарымен алып көрсетіпті.
«Мама, бізді жоғары кластың балалары, аттарын білмейді. Біздерге кетіп бара жатқан жерінен ақшаларыңды дайындаңдар деп айтады, сосын біздер «Алмара» деген дүкеннің қасында, Тайманов көшесінде номері жоқ деген көшенің қасында шөп жатыр үйіліп, соның ішінен аламыз дейді», – деді ата-ана Ғалия Мойнақова.
Ұлының таяқ жеп жүргенін естіген тағы бір әке мектепке келіп, бейнебақылау камерасынан анықтамақшы болған. Бірақ жазбалар сақталмапты.
«Камераның бәрі жоқ.Таңертең өзім келдім мектепке. Мына бұрыш деп тұр. Сол жерден артқа алып кетеді дейді, қолымнан ұстап сабақтан шыққан уақытта. Сол уақытты камерадан қарайын деп бүгін келіп қостырсам, 2 қыркүйектен бастап камерада ештеңе жазылмаған», – деді ата-ана Данияр Қағазов.
Ал мектеп басшысы бұл айыптар дәлелсіз дейді. Оның айтуынша, дәл осы білім ошағында оқитындардың бұл іске еш қатысы жоқ.
«Менің ойымша, қатысы жоқ деп ойлаймын. Мүмкін тиын жинаған болар. Бірақ енді нақты кім, қай бала екенін мен дәлелдемегенсін, оларға кінә арта алмаймын. Көріп тұрған жоқпын, ұстап алған жоқпын», – деді Б. Момышұлы атындағы №25 мектеп директорының міндетін атқарушы Бақтылы Нұржанова.
Ата-аналардың жанайқайын естіген тәртіп сақшылары мектептегі бұл жайтқа қатысты тексеру жүргізетіндерін айтты.
«Тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Егер қылмыстың құрамы болса қылмыс болады, әкімшілік болса, әкімшілік. Қосымша жеткіземіз», – деді полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.
Соңғы ақпарат бойынша, шағым айтқан ата-аналардың бірі полициядан арызын кері алыпты. Дегенмен белгісіз ұнтақ сараптамаға жіберіліп, оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр екен.
Жадыра Омаржан, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан