Биыл еңбек инспекторлары бұл міндеттемеден жалтарған 228 жұмыс берушіні анықтаған
Елімізде өмірін сақтандырғысы келетін жандар саны артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр қазақстандықтар сақтандыру компанияларына жалпы 110 млрд теңге салым салса, биыл бұл көрсеткіш 119 млрд теңгеге жетіпті. Оның қандай пайдасы бар? Сауда-саттықпен айналысатын компанияда еңбек ететін Бақтияр Абдоллаев өмірін былтыр сақтандырыпты. Бұл отбасылы және мойнында көп міндеттері мен жауапкершілігі бар адам үшін өте дұрыс шешім дейді.
«Өмірімді 5 жылға сақтандырдым. Қазір күнделікті өмірде түрлі оқыс жағдайлар болып жатады. Құдай сақтасын, бірақ ертең маған қауіп келсе, бұл ең алдымен жанұяма жақсы қаржылай көмек болады», – деді қала тұрғыны Бақтияр Абдоллаев.
Көбіне жұрттың бұл қаржы құралына қырын қарайтыны жасырын емес. Өйткені компанияның немесе жобаның ұзақтығына сенбейді. Не болмаса «сақтандырдым, демек маған міндетті түрде бірдеңе болады» деген түсінік пен ойдан қорқады дейді сарапшылар. Соған қарамастан жыл өткен сайын отандастарымыздың өмірін сақтандыруға ден қоя бастағаны байқалады. Өйткені сақтандыру арқылы өмірді қорғап қана қоймай, одан табыс табуға да болады екен.
«Өмірді сақтандырудың қайтарымды негізде жасалған шарты бойынша жиналған ақша қайтарылады. Яғни адам жарна төлеп қана қоймайды, ол жарнаның есебінен өмірі сақтандырылады әрі бұл салымдар инвестициялық табыс әкеледі. Өйткені сақтандыру мерзімі аяқталған соң клиент ақшасын ала алады. Мұндай сақтандыру үш жылдан 15-20 жылға дейінгі мерзімге созылуы мүмкін», – деді өмірді сақтандыру компаниясының өңірлік директоры Гүлмира Оралбекова.
Жалпы жүйе қалай жұмыс істейді? Бастысы - тұтынушы өзін сақтандыру үшін белгілі бір сомадағы жарнаны уақытылы төлеп отырса болғаны. Елімізде адам өзін айына кемінде 15 мың теңгеден бастап сақтандыра алады. Бұл үшін оған ай сайын 2 пайыз табыс қосылып тұрады. Егер клиент өмірін сақтандырғаны туралы жұмыс орнына айтып тіркесе, онда компания жалақысының 10 пайыздық мөлшерін әр айлық табысына аударады. Осы ретте айтқан жөн, елімізде жұмыс берушілер өз қызметкерлерін тек оқыс оқиғалардан ғана сақтандыра алады. Ал өмірді сақтандыру ол әр адамның өз еркінде.
«Еңбек кодексінде жұмыс беруші қарамағындағы қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруы міндетті. Бұл жағдайда төлемді жұмыс беруші аударады. Қызметкерлердің айлығынан алынбайды. Ал бұл шарттарды орындамаған жұмыс берушіге 230-бап бойынша әкімшілік жаза қарастырылған», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің басқарма басшысы Шалқар Оразбеков.
Биыл еңбек инспекторлары бұл міндеттемеден жалтарған 228 жұмыс берушіні анықтаған. Жалпы 3,5 млн теңгеге айыппұл салыныпты. Ал дене мүшелерін жекелей сақтандыратын компаниялар бізде мүлде тіркелмеген екен. Әйткенмен мамандар мұндай қызметті медициналық сақтандырумен айналысатын ұйымдар ұсынуы мүмкін екенін айтады.
Назкен Еркін, Рашиддин Якупов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы