Алматы облысында қарақұйрықтың лағын баққан малшыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

03.11.2020 в 01:53

Заң талабы бойынша қызыл кітапқа енген жануарды қолда ұстауға рұқсат етілмейді

Алматы облысында қарақұйрықтың лағын баққан малшыға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Шонжы ауылының тұрғыны тірідей тауып алған аңның жағдайын жасап, баптап өсірген. Бірақ заң талабы бойынша қызыл кітапқа енген жануарды қолда ұстауға  рұқсат етілмейді. Енді, жабайы аңды өсірген малшыға қандай жаза тағайындалуы мүмкін? Ал, тәркіленіп алынған жануардың тағдыры не болды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

30 қазанда табиғатты қорғау қызметіне Шонжы ауылында бір отбасы қызыл кітапқа енген жануарды бағып отыр деген хабар түскен. Бірден қызметкерлер Мөргентеев көшесінде орналасқан үйге барған. Белгілі болғандай, лақты мал ұстайтын отбасы бағып отыр екен. Малшының айтуынша, қарақұйрыққа сиырдың сүтін беріп, жеке қорада асырапты. Бірақ ешқандай құзырлы мекемеге хабарласпаған. Кейін отбасыға заң талаптары түсіндірілген соң, жануар тәркіленіп алынды.

Жаңадан туған қарақұйрықтың лағын кездейсоқ тауып алып, баққан малшыға қызыл кітапқа енген жануарды заңсыз ұстады деген айып тағылып отыр. Қазіргі уақытта оның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр.

«Қызыл кітапқа енген қарақұйрық аңының бір лағын заңсыз ұстап отырғаны туралы хабар алып, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп және аудандық мал дәрігерлерінің қызметкерлерінің қатысуымен сол лақты барып көріп, анықтадық. Қарақұйрықтың лағы шамамен 5-6 айлық жас шамасында. Тапқан адамның айтуы бойынша, 1,5-2 ай деп тұр. Бірақ көбірек болған сияқты. Қазір полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп, анықтауда», – деді «ОХОТЗООПРОМ» өндірістік бірлестігі оңтүстік-шығыс бөлімшесінің инспекторы Саяхмет Сүйіндіков.

Қорғансыз аңның қауіпсіздігін ойлаған мамандар жануарды бірден Алматы қаласының зообағына әкеліп табыстады. Олардың айтуынша, көп уақыт үй жағдайында бапталуына байланысты қарақұйрық қолға әбден үйренген.

Алматы облысы Ұйғыр ауданынан табылған бұл қарақұйрықты қазіргі уақытта қаладағы зообақтың тұяқты жануарлар мекендейтін бөліміне әкеліп, орналастырды. Дәрігерлер қызыл кітапқа енген жануардың жағдайын бірқалыпты, жақсы деп бағалап отыр. Ал, қызметкерлер болса, бұл жануарға еркелетіп «Қарақат» деген қазақтың есімін беріпті. Жалпы салмағы 10 келіге жетеді, бойының ұзындығы 70 сантиметр.

«Жануардың жағдайын тексеру кезінде дамуында ешқандай физикалық ауытқудың жоқ екені анықталды. Сондай-ақ, жүні де өз қалпында, жақсы тамақтанғаны көрініп тұр. Денесінен ешқандай зақым табылмады. Аңның аяғы мен тұяқтарының жағдайы жақсы, өз жасына сәйкес келеді. Енді бірден қарақұйрықты 40 күн карантинге жабамыз. Карантинде болған уақытында жағдайын бақылап, түрлі жұқпалы және инфекциялы аурулардан сақтау үшін вакцинация жасайтын боламыз», – деді хайуанаттар бағының ветеринарлық дәрігері Ерден Шәкебаев.

Ал, жануар карантинде болған уақытта еш ауру-сырқау белгілері байқалмаса, сараптама талдамалары да жүргізілмек. Айта кетейік, осыдан тура бір жыл бұрын бұл зообаққа арыстанның 6 айлық күшігі мен 4 жыл бұрын құтқарылған аққу әкелінген. Олардың барлығы броконьерліктің жолын кесу негізінде жеткізілген еді.

Аяулым Көлжігіт, Мақсұджан Манасов, «Алматы» арнасы