Алматыда жыл басынан бері жат ағымның жетегінде жүрген 52 отандасымыз дәстүрлі дінге қайта оралған

qazweek.kz
qazweek.kz
Осы күні аталған орталықта 12 теолог маман жұмыс істеп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Адасқанның айыбы жоқ, егер қайтып үйірін тапса. Жыл басынан бері Алматыда жат ағымның жетегінде жүрген 135 азамат райынан қайтып, 52 отандасымыз дәстүрлі дін жолына оралған. Бұл туралы қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке «Кеңес беру және оңалту орталығының» жұмысына арналған конференцияда мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осы күні аталған орталықта 12 теолог маман жұмыс істеп жатыр. Олар деструктивті ағымның ықпалындағы адамдармен тілдесіп, оларды қоғамға қайтару бағытында тер төгіп жүр. Биыл осындай 884 азаматпен оңалту жұмыстары жүргізілген.  

«Жыл сайын жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 180 адам бейімделді. Ал 40 азаматымыз оңалтылды. Ағымдағы жылы жұмыс әлі жүргізіледі. Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген жоспарымыз бар», –  деді қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке.

Кеңес беру және оңалту орталығында «Жусан» операциясы кезінде елге қайтарылған 13 әйел адам да курстан өтіп жатыр. Олардың екеуі теологтармен тілдескеннен кейін райынан қайтып, дәстүрлі ханафи масхабына оңалтылған. Сондай-ақ, 8 нәзік жан да қазақстанның қоғамдық құндылықтарына бейімделген. Соғыс болып жатқан жерден құтқарылған 33 баланы мектеп пен балабақшаға орналастыру жұмыстары қоса жүргізіліп жатыр. Жауаптылардың сөзінше, теріс ағымға бет бұрғандармен өте сақ сөйлесу керек.

«Еш уақытта біз жаға жыртысып, шейхтарына тіл тигізіп, кітаптарына тіл тигізбейміз. Егер арамызда байланыс орнағаннан кейін ары қарай біз сенім, ақида мәселесіне, фиқһ мәселесіне кіре береміз. Ал бірден талас-тартысқа бармаймыз. Біздің мамандарымыздың барлығы –  осы салада  психолог мамандардың 20 жылдан астам тәжірибесі бар», –  деді Кеңес беру және оңалту орталығының директоры Руслан Қайыргелді.

Новости партнеров