Алматыда шеткі аудандардың орталық кәріз жүйесіне қашан қосылатыны белгілі болды

27.10.2021 в 00:00

«Шетсіз қала» тұжырымдамасы аясында шет аудандардың мәселесі оңынан шешілмек

Алматының Түрксіб ауданындағы 26 мыңға жуық жер үйдің 19 мыңы орталықтандырылған кәріз жүйесіне жалғанбаған. Сондай үйлердің бірінде тұратын тұрғын «аула түгілі, үйдің ішінде жағымсыз иіс шыға бастады» деп уәжін айтып, Almaty.tv арнасын хабарласқан болатын. 

Ауданда 18 жыл тұрып келе жатқан тұрғынның сөзінше, сусорғыштарды шақыра беруге қалтасы көтере бермейді. Ыдыс жуу былай тұрсын, тұрмыста да суды пайдалануға қорқамыз дейді. Себебі екі жақтан аққан су бір арнаға тоғысса сыртқа қарай атқылайтын көрінеді.

«Бұл шешімі табылмай келе жатқан мәселе. Жылда арнайы көлік шақыртып, сорғызамыз. Жарты метрден кейін су шығады, сондықтан дәретхананы тіпті екі қабатты етіп қоюға мәжбүр болдық», – дейді Түрксіб ауданының тұрғыны Ғайни Шәріпжанова.

Ал әкімдік өкілдері әзірге аталмыш көшеге қатысты орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу жоспарда жоқ екенін айтты. Алайда жоба әзірленіп, оны өтінім ретінде жауапты мамандарға жолданғанын жеткізді.

«Жоба әзірленіп, жауаптыларға жіберілді. Хетагуров көшесінің тұрғындары осы мәселе бойынша «АлматыСу» мекемесіне жүгінсе болады. Осылайша, өздеріне қажетті қызметті алады», – деді Түрксіб ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Құрбанбай.

Түрксіб ауданы бойынша дәл қазір Нұршашқан, Қайрат және Әлмерек ықшамаудандарында орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Ал келесі жылы Жас Қанат пен Пятилетка шағынаудандарында басталмақ. Осылайша, «Шетсіз қала» тұжырымдамасы аясында шет аудандардың мәселесі оңынан шешілмек.

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы