KazHackStan Turan 2023: елімізде киберқылмыспен қалай күресуде

14.09.2023 00:00

Халықаралық практикалық конференция 3 күн жалғасады

inform.kz

Қазақстан БҰҰ дайындаған киберқауіпсіздік рейтингінде 40-тан 31-орынға көтерілді. Бұл туралы Алматыда өткен KazHackStan Turan 2023 халықаралық конференциясында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алдымен киберқылмыс дегеніміз не? Көпшілік бұл бағытты көбіне түсіне бермейтіні заңдылық. Осыған жауап іздеп көрейік. Бұл қылмыс түрі онлайн істеледі. Мәселен, оны мына техниканың тілін жетік меңгергендер үйінде отырып бір қадам шықпай-ақ компанияларды шаш-етектен шығынға батырады. Қашықтан отырып-ақ, өндіріс орындарының жұмысын тежеп, газ құбырларындағы жарылыстарды, жарықтың жаппай өшіп қалуы мен ұшақтардың құлауын, пойыздардың рельстен шығып кетуін де ұйымдастыра алады. Мұның бәрін компьютер арқылы іске асыруға болады. Мен айтқан мысалдар тек шет елдерде ғана болмаса, біздің ел мұндай қауіптен алшақ. Десе де, елімізде интернет-алаяқтық өршіп тұр. Белгісіз біреулер телефон арқылы кез келген адамға несие рәсімдеп, қарызға батырады. Бұл да бір кибершабуылдың көпшілік арасында кең тараған түрі.  Мұндай қылмыс әсіресе Германияда көп. Елде олармен күресу үшін арнайы киберқауіпсіздік министрлігі жұмыс істейді. Ал Ресей мен Қытай секілді көршілес елдер жыл сайын түрлі заң қабылдап әлек. Жаһанда болып жатқан қауіптен Қазақстан да қорғану аса маңызды. Осы цифрлық әлемнің қыры-сыры Алматыда өткен халықаралық практикалық конференцияда талқыланды.

– Жарты жылдықта 11 мың компьютерлік вирус жайлы дерек және 450-ге жуық фишинг сайт тіркелді. Сайт арқылы халықты алдап отырған хакерлер, алаяқтар көп. Оларға талдау жасап, бұғаттап, жауып тастап отырамыз, – деді «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ұлықбек Шамбулов.

Елімізде киберқауіпсіздіктің алдын алып, онлайн-қылмыстан қорғайтын 37 жеке меншік ұйым жұмыс істейді. Мұндай мамандардың көмегіне алпауыт компаниялар жүгінеді. Олар ішкі ақпаратты қолды қылудан сақтайды, хакерлердің жан-жақтан келген шабуылдарына төтеп береді. Конференцияда қарапайым халыққа интернет-алаяқтардан қалай сақтанудың жолы түсіндірілді.

– Хабарласқанда, сілтеме жасаған кезде адамға психологиялық қысым көрсетеді. Асықтырады. «Банктен хабарласып тұрмыз» дейді. Телефонды қоя салып, қайта хабарлассаңыз байланыс аясынан тыс жерде болады. Нөмірін ауыстырып жіберуі мүмкін. Шетелде болуы мүмкін. Ал Инстаграмда алдайтын топ адамдарды WhatsApp-қа тартады. WhatsApp-ты қосқан кезде, бейнезвонок жасап көру керек, – деді жеке компания қызметкері Батыржан Шакманов.

Интернет-алаяқтық дерегін байқаған кез келген адам 1400 нөміріне хабарласып, арнайы мамандардан кеңес ала алады. Ақпарат орталығы 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейді. Ал халықаралық практикалық конференция алдағы 3 күн бойы өтеді. Онда IT-саласының үздіктері өз тәжірибесін бөліспек. Сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден 3 мың қатысушы арнайы келеді деп жоспарланған.

Айта кетейік, дәстүрлі іс-шара Алматыда биыл бесінші рет өткізіліп отыр.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасовғ «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Лудомания: құмар ойынға қалай тыйым салуға болады